Неге біз фейкке тез сенеміз және манипуляцияға қалай еріп кетеміз — Сарапшылар түсіндірді

Фото: depositphotos
Адамдар шынайы ақпаратқа қарағанда жалған ақпаратқа тезірек сенуі мүмкін. Мамандар мұның психологиялық себептері бұрыннан зерттелгенін, ал қазір фейкті ажыратып, манипуляцияға қарсы тұру дағдысын қалыптастыру маңызды екенін айтады. Неліктен адамдар жалған ақпаратқа тез сенеді? Манипуляцияға кімдер көбірек бейім және оның астарында қандай психологиялық механизмдер жатыр? NoFake.kz мамандармен тілдесіп көрді.
Фейк ақпарат неге тез тарайды: медиа сарапшы пікірі
Әлемдік зерттеу көрсеткендей, бүгінде расымен жалған ақпараттың жетегінде кеткендер көбейген. Бұл мәселеде журналистердің рөлі қандай? Медиа сарапшы Есенгүл Кәпқызынан сұрап көрдік.
«Тек Қазақстанға ғана емес, жалпы әлемде психологтардың айтуы бойынша жалған ақпарат жылдам таралады. Себебі ол эмоцияға тез әсер етеді және ол дәлелденген дүние. Мысалы, фактчекерлер мәселенің анық-қанығын зерттеп болғанша, қауесет гуілдеп тарап, елдің психологиясына әсер етіп үлгереді. Сөйтіп жалған ақпараттың тарауының салдарынан, қоғамда дүрбелең туындайды», — деді ол.
Медиа сарапшының пікірінше, журналистер қоғамның қызығуы мен қоғам мүддесі тұрғысынан ақпарат таратудың ара-жігін ажырата білу керек.
«Екі ұғымның арасында шекара болуы тиіс. Журналист ақпаратты таратпас бұрын, зардап шеккен адамға бұл ақпарат қаншалықты зиянын тигізеді дегенді ойлауы керек. Өкінішке қарай, журналист, блогерлерде зиянды азайту деген мақсат болмайды. Олар алдымен трафик жинау, адамның қайғысынан пайда табуды бірінші орынға қойған кезде, адамдар эмоциялық ақпараттың жетегінде кетіп қалады», — деп түсіндірді ол.
Фейкке сенетін адамның нақты бір психологиялық портреті жоқ
Психиатр, психотерапевт Екатерина Кимнің айтуынша, жалған ақпаратқа сенетін адамдарды белгілі бір топқа бөліп қарастыру дұрыс емес. Фейкке сену адамның интеллект деңгейі төмен немесе білімі аз екенін білдірмейді.
«Фейкке сенетін адамның нақты бір психологиялық портреті жоқ. Кейде білімді адамның өзі жалған ақпаратты қабылдауы мүмкін. Өйткені ол оның қорқынышына, құндылықтарына немесе бұрыннан қалыптасқан сенімдеріне әсер етеді», — деді Екатерина Ким.
Маманның сөзінше, әсіресе төтенше жағдай немесе қайғылы оқиға кезінде адамның ақпаратты қабылдау тәсілі өзгереді. Бұл оның сыни ойлау қабілетінен айырылғанын білдірмейді. Мұндай сәтте психика қауіп-қатерді анықтап, одан аман қалуға бағытталған режимге көшеді.
Неліктен жағымсыз ақпаратқа тезірек сенеміз?
Қалыпты жағдайда адам бірнеше нұсқаны салыстырып, дереккөздерді тексеріп, ақпаратты саралай алады. Ал қайғылы оқиға кезінде психика үшін басқа міндет маңыздырақ болады: қауіптің қайдан төнгенін және өзін, жақындарын қалай қорғауға болатынын мүмкіндігінше тез анықтау.
«Сондықтан жағымсыз ақпарат бірден назарымызды аударады. Психика үшін ықтимал қауіпті байқамай қалғаннан гөрі, оны асыра бағалау қауіпсіздеу», — деп түсіндірді маман.
Оған белгісіздік те әсер етеді. «Не болғанын әзірге білмейміз» деген жауап адамның мазасыздығын күшейтеді. Сондықтан қорқынышты болса да, қарапайым әрі түсінікті нұсқа белгісіздіктен жеңілірек қабылдануы мүмкін. Ал оқиғаның нақты бір нұсқасы мен «кінәлісі» пайда болған кезде адамда жағдайды түсініп, бақылап отырғандай иллюзия қалыптасады.
Қатты эмоция кезінде сыни ойлау әлсірей ме?
Психотерапевттің айтуынша, сыни ойлау жоғалып кетпейді, бірақ оны пайдалану қиындайды. Күшті эмоция психикалық ресурстың едәуір бөлігін алады: адамның назары тарылып, ол асығыс қорытынды жасап, қарама-қайшылықтарды байқамай қалуы мүмкін.
«Егер адам қорқып тұрса, қауіпті растайтын ақпаратқа тезірек сенеді. Ал белгілі бір адамға немесе билікке бұрыннан ашулы болса, сол ашуды растайтын нұсқа оған сенімдірек көрінеді. Осы кезде маңызды бір алмасу жүреді: адам өзінің эмоциялық реакциясының күшін ақпараттың шынайылығына дәлел ретінде қабылдай бастайды», — деді Екатерина Ким.
Яғни ақпарат адамның ашуын келтірсе немесе қатты қорқытса, бұл оның рас екенін білдірмейді.
Манипуляция кезінде қандай эмоциялар пайдаланылады?
Психотерапевттің айтуынша, манипуляция кезінде көбіне қорқыныш, ашу, жанашырлық пен әділетсіздік сезімі қатар пайдаланылады.
«Ең алдымен — қорқыныш. Ол «басқаларға дереу ескерту керек» деген асығыстық сезімін тудырады. Адам уақыт жоғалтып алудан қорқып, ақпаратты тексермей таратуы мүмкін. Ашу кінәліні тез табуға итермелейді, ал жанашырлық, әсіресе балаларды, зардап шеккен немесе жылап отырған адамдарды көргенде, сыни қабылдауды әлсіретуі мүмкін. Әділетсіздік сезімі де әрекетке итермелейді: „Егер мұны басқаларға айтпасам, мен де соған ортақтасқандай боламын“ деген ой туады. Манипуляция көбіне осы эмоциялардың бірнешеуін қатар пайдаланады: адамға қауіп көрсетіледі, жәбірленуші ұсынылады, болжамды кінәлі аталады, содан кейін ақпаратты шұғыл таратуды сұрайды», — деді Екатерина Ким.
Сізді манипуляциялап жатқанын қалай байқауға болады?
Алғашқы белгілердің бірі — ақпараттың мән-жайын түсініп үлгермей жатып, оның өте күшті эмоция тудыруы.
«Шұғыл таратыңыз», «өшіріп тастамай тұрғанда бөлісіңіз», «БАҚ бұл туралы үндемей отыр» деген үндеулер, аноним дереккөздерге сілтеме, жарияланған күні мен бастапқы дереккөзінің болмауы, қиылып алынған видеолар және дәлелсіз кесімді тұжырымдар күмән тудыруы керек. Мұндай кезде өзіңізге: «Мен нақты нені білемін, ал нені тек болжап отырмын? Бастапқы дереккөз кім? Видео қайда және қашан түсірілген? Ақпаратты кемінде екі тәуелсіз дереккөз растай ма? Неліктен менен мұны дәл қазір таратуды сұрап отыр?» деген сұрақтар қойған жөн», — деді маман.
Егер ақпаратты растау мүмкін болмаса, оны әрі қарай таратпаған дұрыс.
«Біз ашулануымыз да, қорқуымыз да мүмкін — бұл қалыпты жағдай. Бірақ өз эмоциямызды ақпараттың шынайылығына дәлел ретінде қабылдамауымыз керек», — деп қорытындылады Екатерина Ким.
Түйін
Жалған ақпараттың тез таралуына эмоция, қорқыныш, белгісіздік және ақпаратты шұғыл бөлісуге деген ұмтылыс әсер етуі мүмкін. Әсіресе қайғылы оқиғалар кезінде адам эмоцияға беріліп, ақпаратты тексеруге уақыт бөлмеуі ықтимал. Сондықтан кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның дереккөзін, жарияланған уақытын және басқа тәуелсіз ресурстардағы расталуын тексерген маңызды. Эмоцияның күшті болуы ақпараттың шынайы екеніне дәлел емес.


