Каспийдегі қайғылы оқиға: «сарбаздың соңғы видеосы» деген ақпарат жалған болып шықты

Скрин видеодан
Әлеуметтік желіде Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін «қаза болған сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы» деген жазба тарады. Алайда видеодағы әскери қызметші тірі. Мұны оның әкесі Талғат Құлманов мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Желіде тараған видеода жас сарбаз әкесімен сөйлесіп отырады. Кейін бұл кадрлар Ақтауда болған оқиғамен байланыстырылып, видеодағы жігіт қаза тапқан әскери қызметшілердің бірі екені және бұл оның әкесімен соңғы әңгімесі екені айтылған.
Алайда сарбаздың әкесі Талғат Құлманов әлеуметтік желіде арнайы видео жариялап, бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Ақтауда орын алған оқиға бойынша «менің балам да олардың арасында бар, бұл оның соңғы видеосы» деген жалған ақпарат тарап жатыр. Сіздерден бұл ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын. Балам қазіргі уақытта курсант ретінде қызметін атқарып жүр», — деді Талғат Құлманов.
Ол сондай-ақ қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты.
«Орын алған оқиғада қаза тапқандардың ата-аналарына, бауырлары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл жағдай бүкіл Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырып отыр. Әскери қызметкерлерге де оңай емес. Сол себепті жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын», — деді ол.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер қаза тапты. Оқиға Ақтаудан 43 шақырым жерде болған. Тергеу дерегінше, «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


