NoFake
25 қыркүйек — Жалпыұлттық аза тұту күні

Каспийдегі сарбаздардың өлімі: Қорғаныс министрлігінің 5 қызметкері қамауға алынды

Скрин видеодан

Каспий теңізінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Оларға қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан корабль жүргізу қағидаларын бұзу күдігі тағылып отыр.

Ұсталғандардың арасында Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар.

Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу өтіп жатқан. Қолайсыз ауа райы жағдайында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.

«Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қабылдану мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі зерделенуде», — делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар тергеу оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеріп жатыр.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде әскери қызметшілер қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек жинау басталды. Маңғыстау облысының әкімдігі көмек жинаудың бірыңғай операторын белгілеп, қаражаттың тек ресми реквизиттер арқылы қабылданатынын хабарлады.

Оқу үшін