HR Enbek-тен сақтандыру туралы хабарлама келсе не істеу керек

Фото: Gov.kz
Қазақстанда жұмыс берушілерге HR Enbek порталы арқылы қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасау немесе ұзарту қажеттігі туралы хабарламалар жіберіле бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай ескерту нені білдіретінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстан заңнамасына сәйкес жұмыс беруші қызметкерлерін еңбек міндеттерін орындау кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруы тиіс. Мұндай шартты жасамаған жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алайда министрлік HR Enbek-тен хабарлама келуі жұмыс беруші заң бұзды дегенді автоматты түрде білдірмейтінін атап өтті.
«Хабарлама ақпараттық жүйе анықтаған мәліметтер арасындағы сәйкессіздік туралы мәлімет береді және жұмыс берушіге ақпаратты уақтылы тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беру мақсатында жолданады», — деп түсіндірді министрлік.
Хабарлама неге келеді?
HR Enbek мұндай ескертуді жүйеде қолданыстағы міндетті сақтандыру шарты туралы ақпарат табылмаған жағдайда автоматты түрде қалыптастырады. Жүйе HR Enbek-те тіркелген еңбек шарттары туралы деректерді Бірыңғай сақтандыру дерекқорындағы мәліметтермен салыстырады. Егер олардың арасында сәйкессіздік анықталса, жұмыс берушіге хабарлама келеді. Бұл сақтандыру шартының мүлде жасалмағанын ғана білдірмейді. Мысалы, шарт жақында жасалған немесе ұзартылған болса, ол туралы ақпарат жүйеге әлі түспеуі немесе жаңарып үлгермеуі мүмкін.
Хабарлама келсе не істеу керек?
Егер міндетті сақтандыру шарты жасалмаса немесе оның мерзімі аяқталса, жұмыс беруші сақтандыру компаниясына жүгініп, шарт жасасуы немесе қолданыстағы шартты ұзартуы қажет.
Ал шарт бар және мерзімі аяқталмаған болса, оның қолданылу мерзімін, барлық қызметкердің сақтандырумен қамтылғанын және жүйедегі мәліметтердің дұрыстығын тексерген жөн. Сәйкессіздік анықталса, деректерді жаңарту үшін сақтандыру компаниясына хабарласу керек.
Министрлік жаңадан жасалған немесе ұзартылған шарт туралы мәлімет HR Enbek жүйесінде бірден көрінбеуі мүмкін екенін ескертті. Ақпарат сақтандыру ұйымы деректерді жіберіп, жүйе оны өңдегеннен кейін жаңартылады. Егер ескерту қайта-қайта келе берсе, жұмыс беруші сақтандыру компаниясынан шарт туралы мәліметтердің жүйеге берілу мәртебесін нақтылауы қажет.
Түйін
HR Enbek-тен хабарлама алу айыппұл салынды немесе заң бұзушылық анықталды деген сөз емес. Бұл — сақтандыру шарты туралы мәліметтерді тексеру қажеттігін білдіретін автоматты ескерту. Міндетті сақтандыру шарты бар болса, жұмыс беруші оның деректері жүйеде дұрыс көрсетілгенін тексеруі керек.


