NoFake

«44 млн теңге шығын»: Көкшетауда ірі алаяқтық ісі тергеліп жатыр

Фото: depositphotos.com

Көкшетауда полиция алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық әрекеттен 17 адам зардап шеккен, ал келтірілген шығын көлемі 44 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды Nofake.kz.

Белгілі болғандай, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылы 36 жастағы әйел гүл бизнесіне байланысты алаяқтық схема ұйымдастырған. Ол таныстарына және бейтаныс адамдарға жүгініп, тендерге қатысу үшін ақша қажет екенін айтып, қаражат алған.

«Әйел алған ақшаны пайызымен қайтаруға уәде берген. Алайда міндеттемесін орындамаған. Мәселен, жәбірленушілердің бірі оған 4,7 млн теңге берген, бірақ уәде етілген ақшаны қайтара алмаған. Кейін тендердің мүлде болмағаны, ал алынған қаражаттың әйелдің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталған», — делінген полиция хабарламасында.

Полиция қазіргі таңда 17 жәбірленуші анықталғанын хабарлады. Жалпы шығын көлемі 44 млн теңгеден асқан. Полиция зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін екенін хабарлайды.

Сондай-ақ, ведомство азаматтарды жоғары табыс табуға уәде еткен ұсыныстарға байланысты ақша беруде сақ болуға шақырады. Тәртіп сақшылары мұндай келісім жасамас бұрын ақпаратты тексеріп, тиісті құжаттарсыз ақша бермеу қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы ойын-сауық орталығының миналанғаны туралы фейк таратқан күдікті жасөспірім Украинада ұсталғаны туралы хабарлаған едік.

Оқу үшін