NoFake

Астанадағы ойын-сауық орталығының миналанғаны туралы фейк таратқан күдікті жасөспірім Украинада ұсталды

Иллюстрация: polisia.kz

Украинаның Сумы қаласында Астанадағы сауда ойын-сауық орталықтарының біріне терроризм актісі туралы жалған хабарлама жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Операция Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина киберполициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүргізілген. ІІМ мәліметінше, күдікті 26 тамызда ұсталған.

«Тінту кезінде ұялы телефондар, планшеттер, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді», — деп хабарлады Polisia.kz.

Тәркіленген құрылғылардан істің мән-жайын анықтауға көмектесетін цифрлық дәлелдер табылған.

«Электронды құрылғылардан пайдаланылған аккаунт, жіберілген хабарламаның мәтіні және басқа да цифрлық дәлелдер анықталды», — дейді мамандар.

Қазір тәртіп сақшылар тәркіленген техниканы зерттеп жатыр. Бұл жұмыс күдіктінің ықтимал сыбайластарын анықтау және оның осыған ұқсас басқа да оқиғаларға қатысы бар-жоғын тексеру үшін жүргізілуде.

ІІМ хабарлауынша, істі әрі қарай қарау және қажетті процессуалдық шешімдер қабылдау мәселесі бойынша Украина құзырлы органдарымен бірлескен жұмыс жалғасып жатыр.

Министрлік жарылыс, терроризм, кепілге алу немесе басқа да қауіп-қатер туралы жалған хабарламалардың әзіл емес екенін ескертті. Мұндай әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, ІІМ ата-аналарға балаларға интернетте қауіпсіз әрі жауапты әрекет ету ережелерін түсіндіруді, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді белсенділігіне назар аударуды ұсынды.

Оқу үшін