Өкпені үш күнде тазартуға бола ма

Фото: Depositphotos
Желіде «Өкпені 3 күнде тазартады» деген шөп шайлары мен БАД-тар жарнамасы жиі кездеседі. Пульмонолог мұндай тазарту мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің Бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпованың айтуынша, бронхыларға арнайы «тазалау» процедурасы қажет емес. Өйткені адамның тыныс алу жүйесінде шырыш пен бөгде бөлшектерді сыртқа шығаруға көмектесетін табиғи қорғаныс механизмдері бар.
«Бронхыларды щеткамен тазалағандай арнайы тазалаудың қажеті жоқ. Өкпенің өзін-өзі тазартатын табиғи механизмдері бар. Сондықтан тыныс алу жаттығулары мен дене белсенділігі әлдеқайда пайдалы. Қозғалыс кезінде тыныс алу мен дем шығару белсендірек жүреді. Бұл кез келген «өкпе тазартатын» препаратқа қарағанда тиімдірек болуы мүмкін», – дейді маман.
Пульмонолог кейбір шөптердің өкпе түтікшелері, яғни бронхтарындағы бөліндінің түзілуіне әсер етуі мүмкін екенін де атап өтті. Алайда бұл олар өкпені «токсиндерден тазартады» дегенді білдірмейді. Және мұндай әсерді қарапайым суды ішу арқылы да алуға болады.
Маманның сөзінше, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу де тыныс жолдарындағы бөліндінің қоюлығына әсер етеді. Сондықтан ауырған кезде сұйықтықты көбірек ішу ұсынылады.
«Адам ауырған кезде сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу маңызды. Жылы немесе бөлме температурасындағы су ішкен дұрыс. Кей жағдайда шөптер де бронхыларға әсер етіп, қақырықтың бөлінуін күшейтуі мүмкін. Бірақ мұндай әсер әр адамда әртүрлі болады», – деді Наталья Латыпова.
Сонымен қатар маман қақырықты көбейтетін дәрілерді кез келген адамға өз бетінше қабылдауға болмайтынын ескертті. Әсіресе кішкентай балаларға мұндай тәсіл қауіпті болуы мүмкін.
«Біз әдетте бес жасқа дейінгі балаларға қақырықты шығаратын, сұйылтатын препараттарды тағайындамаймыз. Себебі олардың тыныс жолдарынан қақырықты сыртқа шығару механизмі әлі толық қалыптаспаған. Мұндай жағдайда артық бөлінді жиналып, керісінше қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан емдеу әдісі адамның жасына және жағдайына қарай таңдалуы керек», – деп түсіндірді маман.
Дәрігердің айтуынша, егде жастағы адамдарға да қақырық бөлінуін күшейтетін әдістерді сақтықпен қолдану қажет. Себебі адамның оны сыртқа шығару мүмкіндігі жасына және жалпы денсаулығына байланысты өзгереді. Пульмонолог «үш күнде өкпені толық тазарту» туралы жарнамалық уәделерге сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, мұндай әсерді бір препаратпен немесе шөп шайымен қамтамасыз ету мүмкін емес.
«Үш күннің ішінде бронхыларды тазартып, содан кейін ұзақ уақыт бойы сау болып жүруге мүмкіндік беретін әдіс жоқ. Мұндай «тазартуға» үлкен үміт артудың қажеті жоқ. Ең бастысы – өкпеге зиян келтіретін факторды тоқтату және қажет болса, дәрігер ұсынған емді қабылдау. Ал кез келген препарат немесе шөптік қоспа бәріне бірдей жағымды әсе ете бермейді», – деді бас штаттан тыс пульмонолог.
Айта кетейік, бұған дейін біз «БАД-тар тиімді көмек пе, әлде баяу әсер ететін у ма?» деген сауалға жауап бердік.


