«100 млн теңге несие алып беруге уәде берген»: Бас прокуратура алаяқтық схеманы әшкереледі

Gov.kz
Астанада азаматтарға «Даму» қорының бағдарламасы арқылы 100 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып беруге уәде еткен алаяқ сотталды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Жәбірленушілер оған осы қызметі үшін әрқайсысы 1 млн теңгеден берген. Алайда ол азаматтармен консалтингтік қызмет көрсету туралы жалған шарттар жасап, ақшаларын иемденген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 4 млн теңгені құрады.
«Прокурор сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген. Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағылық танытып, несие алу мәселесінде тек уәкілетті ұйымдарға жүгінуге шақырады. Ведомство, әсіресе делдал арқылы және ақшалай сыйақы үшін несие алып беруді ұсыну алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы азаматтарға инвестициялауды сылтау етіп ақша жымқыратын алаяқтардан сақ болуға шақырған еді.


