Танымал тұлғалардың дипфейктері мен трейдинг: Бас прокуратура алаяқтардың тағы бір тәсілі туралы ескертті

Gov.kz
Бас прокуратура азаматтарға инвестициялауды сылтау етіп ақша жымқыратын алаяқтардан сақ болуды ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет-платформаларда жоғары табысқа кепілдік беретін жалған инвестициялық жобаларды жарнамалағанү Осылайша, құрбандарды сендіру үшін танымал адамдардың дипфейк-бейнелері мен ЖИ көмегімен жасалған жалған платформалар пайдаланылады.
«Мысалы, әлеуметтік желілерде Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON жобалары, сондай-ақ «Хабар24», «КТК» және «Бірінші арна» телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілері қатысқандай көрсетілетін «ҚазМұнайГаз» немесе «Газпромға» инвестиция салу туралы ұсыныстар тараған», — делінген хабарламада.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, тек соңғы бір жарым айдың ішінде Қазақстан бойынша осындай 119 дерек тіркелген.
«Бас прокуратураның мәліметінше, қыркүйекте Талдықорған тұрғыны аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа байланысты арызданған. Ол Instagram желісінен акцияларды сатып алу және сату арқылы жоғары табыс табуды ұсынған жарнаманы көріп, сілтеме арқылы өтіп, жеке және байланыс деректерін қалдырған», — делінген хабарламада.
Ведомство кейін онымен алаяқтар байланысып, олардың нұсқауы бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударғанын жеткізді.
«Бұл ретте аударылған қаражат пен болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген. Алайда алаяқтар оған ақшаны қолма-қол шығаруға мүмкіндік бермеген», — делінген хабарламада.
Бүгінде аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура азаматтарды жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеуге және инвестиция салу сылтауымен белгісіз адамдарға ақша аудармауға шақырды.
«Ақша салмас бұрын компания мен инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетінше тексеру қажет», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ күдікті қоңыраулар мен хабарламалар келген жағдайда бейтаныс адамдармен әңгімені тоқтатып, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және ақшаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтерді бермеу керектігін ескертеді.


