NoFake

Alem Credit-ке алданғандар несиені қайтаруға міндетті ме?

Alemcredit.com алаяқтық схемасына алданған адамдардың жағдайы не болады? Олар күн санап өсіп жатқан қарызды қайтаруға міндетті ме? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Alemcredit.comнан кредит алғандарға хабарласып едік, астаналық отбасы алаяқтарға қалай алданғанын айтты. Сонымен қатар, жәбірленушілерге құқықтық кеңес беріп жүрген мамандардың пікірін білдік.

Астана тұрғыны Маржанның күйеуі Alem Credit-тен криптоәмиян арқылы 130 мың теңге несие рәсімдеген, бірақ оның банктік шотына 80 мың теңге түскен. Онда да Alem Credit-тен емес, Виктория К. есімді жеке тұлғаның шотынан. Кредит биыл 1-шілдеде алынған. Астаналық отбасы ескі қарызды жауып, азық-түлік сатып алу үшін жылдам берілетін несие іздегенін айтады. Интернеттен Alem Credit сайтын тауып, 130 мың теңгеге өтініш берген. Несие рәсімдеу барысында биометриялық сәйкестендіруден өткен.

«Қаражаттың бір бөлігі өмірді сақтандыруға және микрокредиттік ұйымның шығындарына ұсталды, ал несиені бір ай төлемеуге болады деді. Одан кейін телефонымызға 432 981 теңге төлеу керек деген хабарлама келді. Ол сома өсе берді. Бір хабарламада 1173 доллар, яғни 527 028,9 теңге көрсетілді. Ал төлемді 9 күн кешіктіргеннен кейін бізден 680 583 теңге төлеуді талап етті», – дейді Маржан.

Скрин кейіпкердің жеке мұрағатынан

Компания қол қоюға жіберген келісімшартта реквизит, мекен-жайы, бизнес идентификациялық нөмірі көрсетілмеген. Яғни Қазақстанда мұндай мекеме жоқ болып шыққан.

Скрин кейіпкердің жеке мұрағатынан

Астана тұрғыны аз уақытта еселеп өскен несиені қайтармаған соң, алаяқтар психологиялық қысым жасауға кіріскен. Алаяқтар Ержанның несие рәсімдегенде түскен фотосын бопсалауға қолданған. Суретіне «Әлем кредиттан қарыз алған», «Әлем кредит борышкері» деп жазып, өзіне жіберіп отырған. Алаяқтардың қарқыны қатты екенін түсінген отбасы тығырықтан шығу үшін Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз жазғандарын айтады, осыдан кейін компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Қазір алаяқтар мүлде хабарсыз кетті деп айта алмаймыз, араға уақыт салып қоңырау соғады», — дейді Маржан.

Alem Credit-ке несиені қайтару керек пе?

Бұл сұрақты біз Stop-piramida.kz заңгері Сара Доскееваға қойдық.

«Мәселе мынада: заң бойынша Alem Credit қарыз алушыларға ақша қаражатын тікелей бермеген. Сондықтан дәл осы Alem Credit-тің қарыз алушыдан қаражатты қайтаруды талап етуге құқығы жоқ. Себебі ақша қарыз алушыларға ақша Alem Credit-тің шотынан түспеген. Тиісінше, бұл жағдайда Alem Credit қарыз беруші болып саналмайды»,- деп жауап берді.

Алайда қаражат үшінші тұлғаның шотынан түскендіктен, оны қайтаруды сол адамның өзі талап ете аталатынын айтты маман.

«Ақша үшінші тұлғалардың банк карталарынан аударылғандықтан, заң бойынша бұл қаражатты қайтаруды тек Виктория К. талап ете алады.

Бірақ бұл жағдайда Викторияның өзі де Ержан сияқты жәбірленуші болуы мүмкін. Өйткені ол өз несиесін өтеп жатырмын деп ойлаған, ал іс жүзінде ақшаны Ержанға аударған болуы ықтимал», — деді заңгер.

Заңгер: барлық дәлелді сақтап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет

Stop-Piramida.kz жобасының бас директоры Нұркен Шардарбеков мұндай жағдайға тап болған азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.

«Ең алдымен құқық қорғау органдарына, нақтырақ айтқанда Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз жазыңыз. Жағдайды толық сипаттаңыз: ақшаны қашан алдыңыз, қаражат кімнен түсті, сізден қанша ақша талап етіп жатыр, қандай реквизиттерге ақша аударуды сұрайды және қай нөмірлерден қоңырау шалады. Хаттың скриншоты, қоңырау жазбаларын, банк көшірмелерін және басқа да дәлелдерді міндетті түрде тіркеңіз», – деді Нұркен Шардарбеков.

Заңгер күмәнді ұйым өкілдерімен телефон арқылы дауласпауға және олардың талаптарына жауап бермеуге шақырады.

 «Қоңырауларға жауап бермеңіз, дауласпаңыз және ештеңені дәлелдеуге тырыспаңыз. Қорқыту мен арандатуға да жауап бермеңіз. Хабарламалар мен қоңыраулар тарихын дәлел ретінде сақтап, кейін нөмірлерді бұғаттаңыз», – деді сарапшы.

Шардарбеков алаяқтар жәбірленушінің туыстары мен таныстарына хабарласып, қысым көрсетуі мүмкін екенін де ескертеді. Сондықтан жақындарыңызға алдын ала ескертіп, бейтаныс адамдарға жеке ақпарат бермеуді және олардың талаптарын орындамауды сұраған жөн.

Егер алаяқтар жиі қоңырау шалып, мазаңызды алса, телефон нөмірін ауыстыруға болады. Алайда ескі SIM-картаны бірден жоймаған дұрыс, өйткені ондағы хабарламалар мен қоңыраулар тергеу үшін қажет болуы мүмкін.

Сонымен қатар WhatsApp-та бейтаныс адамдардың топтарға қосуына шектеу қоюға және телефондағы белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттауға немесе дыбысын өшіруге болады.

Біз Alem Credit-тен несие алғандар ол несиені өтеуі керек пе деген сауалды Қаржылық мониторингі агенттігіне де жолдадық. Ведомство жауап бергеннен кейін, оны қосымша жариялаймыз.

Айта кетейік, бұған дейін Alem Credit-ке қатысты алаяқтық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жайлы жаздық.

Оқу үшін