Kazakh Tourism Development Almaty SuperSki жобасы аясында ағаш кесілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Ukimet
Компания әлеуметтік желіде тараған видео жоба аумағында түсірілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желілерде кесілген ағаштар бейнеленген видео тарап жатыр. Жарияланым авторлары кадрлар Almaty SuperSki жобасы жүзеге асырылатын аумақта түсірілген деп мәлімдейді.
Kazakh Tourism Development бұл ақпаратты жоққа шығарды. Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев видеода көрсетілген аумақтың жобаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Видеода көрсетілген аумақ Almaty SuperSki жобасы жүзеге асырылатын аумаққа да, Көкжайлауға да жатпайды. Бүгінгі таңда жоба аясында бірде-бір ағаш кесілген жоқ», — деді Ержан Еркінбаев.
Компания әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Сондай-ақ жоба жұмысының барысы туралы нақты әрі расталған ақпарат беруге дайын екенін мәлімдеді.


