Купе вагондарына бір-бірін танымайтын ерлер мен әйелдер енді орналаса алмайтыны рас па

Фото: "ҚТЖ" АҚ
Әлеуметтік желіде енді бір-бірін танымайтын ерлер мен әйелдер бір купе вагонына билет сатып ала алмайтыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.
Желіде қандай ақпарат тарады?
TikTok желісіндегі пабликтердің бірінде енді бір купеге бір-бірін танымайтын, яғни бөгде ерлер мен әйелдер орнала алмайтыны туралы жазба жарияланған.

Аталған жазба көпшілік арасында қызу талқыға түскен. Олардың кейбірі мұндай бастаманы қолдаса, енді бірі «ерлі-зайыптылар не істейтінін, оларға да бір купеге отыруға болмай ма?» деген сауалды жиі қойған.

ҚТЖ түсініктемесі
Аталған мәселенің мән-жайын білу үшін, «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар мұндай бастаманы Threads желісінің қолданушысы желіге жазғанын және оны ұсыныс ретінде көтергенін мәлімдеді.

Компанияның баспасөз қызметі жолдаған сілтемеде «расымен Түркияда бөтен ер адам мен әйелге бір купеге билет алуға тыйым салынғаны, осы бастаманы неге бізге енгізбеске» деген жазбаны көрдік. Осыған орай, компания бұл бастаманы мамандар қарап жатқанын, әзірге бұл бастама толығымен іске асырылады деп айтуға ерте екенін жеткізді.
«Қазіргі таңда ұлттық тасымалдаушы компанияда тек «Әйелдер вагоны» қызметі ғана іске қосылған», — деген жауап алдық.
Түйін
Әлеуметтік желіде тараған бөтен ерлер мен әйелдерді бір купеге орналастырмау туралы ақпарат әзірге ресми шешім емес. «Қазақстан темір жолы» бұл ұсынысты мамандар зерттеп жатқанын және оны енгізу туралы нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда ұлттық тасымалдаушыда тек «Әйелдер вагоны» қызметі жұмыс істейді.


