NoFake

Базалық мөлшерлеме төмендеді: несие арзандай ма?

Фото: Depositphotos

4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға түсірді. Бұл шешімнен кейін несие арзандап, депозит мөлшерлемелері төмендей ме деген сұрақ туындайды. Алайда өзгеріс банк өнімдеріне бірден әсер етпейді.

Базалық мөлшерлеме не себепті төмендетілді, оның қазіргі деңгейі қаншалықты сақталады және қарапайым тұтынушы бұл өзгерісті қашан сезінеді? Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясова түсіндірді.

«2026 жылғы тамызда инфляцияның психологиялық тұрғыдан маңызды 10% деңгейінен төмендеуі базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа азайтуға негіз болды. 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме біртіндеп 16%-ға дейін төмендейді деп күтілуде, ал Ұлттық банктің оны 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешімі осы болжамдарды растайды», – дейді сарапшы.

Дегенмен қазіргі 16–17% деңгейін экономика үшін қалыпты көрсеткіш деуге келмейді. Ильясованың айтуынша, жоғары мөлшерлеме инфляцияны тежеуге көмектескенімен, ұзақ мерзімде экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін.

Ұлттық банк те мөлшерлемені әрі қарай төмендетуге асықпайтынын аңғартты. 4 қыркүйекте реттеуші инфляцияны үдетуі мүмкін факторлар мен тәуекелдердің күшеюіне байланысты 2027 жылға арналған болжамдарын қайта қарап, мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін мәлімдеді.

Базалық мөлшерлеме инфляцияны қалай тежейді?

Мөлшерлеме жоғары болған сайын несие қымбаттап, қарызға деген сұраныс азаяды. Ал депозиттер тартымды бола түседі. Нәтижесінде халық пен бизнес ақшаны жұмсағаннан гөрі жинауға көбірек бейім болады. Сұраныс төмендеген кезде бағаның өсу қарқыны да баяулауы тиіс.

Бірақ Қазақстанда бұл механизмге басқа факторлар да араласады.

«Қазақстан белгілі бір деңгейде “инфляцияны импорттайды”. Тұтыну құрылымында импорттық тауарлардың үлесі жоғары болғандықтан, шетел валюталарының теңгеге қатысты бағамы бағаға айтарлықтай әсер етеді.

Екіншіден, инфляцияға коммуналдық тарифтер, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасы елеулі үлес қосады. Оларға деген сұраныс бағаға қатты тәуелді емес: адамдар баға мен несие құны өскеніне қарамастан азық-түлік сатып алып, коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай ақысын төлей береді.

Үшіншіден, базалық мөлшерлеме өзгерген кезде банктер несие мен депозит бойынша мөлшерлемелерді бірден өзгертуге асықпайды. Мәселен, 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясында мөлшерлеменің кредиттік арна арқылы экономикалық белсенділікке әсері шамамен жарты жыл ішінде байқалатыны көрсетілген», – дейді сарапшы.

Несие қашан арзандайды?

Демек базалық мөлшерлеменің 16,25%-ға түсуі банктер ертеңнен бастап несиені арзандатады дегенді білдірмейді. Оның әсері біртіндеп байқалады. Несие мөлшерлемелері төмендеуі мүмкін, бірақ қазіргі базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, қарыз алу әзірге арзан болмайды.

Бұл да Ұлттық банктің инфляцияны тежеу саясатының бір бөлігі. Қымбат несие тұтынушылық сұранысты шектеп, экономикадағы артық ақша айналымын азайтуға тиіс.

Қазір несие алған дұрыс па?

Сарапшы бұл жерде бәріне ортақ бір жауап жоқ екенін айтады. Шешім несиенің мақсатына, түріне және қарыз бойынша қанша артық төленетініне байланысты.

«Кредитті қазір алған дұрыс па, әлде мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуін күткен жөн бе? Бұл сұрақтың жауабы кредиттің мақсаты мен түріне байланысты және жалпы алғанда кредит есебінен тауарды бірден сатып алудың пайдасын қарыз бойынша артық төлеммен салыстыру арқылы анықталады. Ал депозиттер бойынша мөлшерлемелердің күтілетін төмендеуі қазіргі жоғары мөлшерлемелермен 3–6 айға жинақ салымдарын ашуға ынталандыруы мүмкін», – деп қорытындылады Айгерім Ильясова.

Яғни базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз алушылар үшін оң белгі болғанымен, арзан несие кезеңі басталды деуге әлі ерте. Ал салымшылар үшін, керісінше, депозиттердің қазіргі жоғары мөлшерлемесін пайдаланып қалуға мүмкіндік бар.

Оқу үшін