Алматыда LRT мен SkyTrain салынады: жобалар несімен ерекшеленеді

Коллаж: Nofake.kz
Әлеуметтік желіде Алматыдағы қоғамдық көлік туралы тақырып жиі талқыланады. Олардың кейбірі қалаға «трамвай қайтып келеді» десе, енді бірі «Астанадағыдай LRT» салынатынын жиі жазады. Сонымен қай көлік қашан іске қосылады және олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай? Nofake.kz анықтап көрді.
Желіде не айтылады?
Бір қызығы желі қолданушыларының көпшілігі LRT-нің трамвайдан қандай айырмашылығы барын, «Алматыдағы жеңіл көлікті рельс, жер бетімен әлде үстімен жүретінін» біле бермейді. Сол себепті, мәселенің мән-жайын білу үшін, қала әкімдігіне хабарластық.

Алматыда LRT салынатыны рас па?
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, Алматыда расымен Астанада сияқты LRT — жеңіл рельсті көлік жобасы салынады. Ол Алатау ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан деподан басталып, оңтүстік бағытта Бауыржан Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін өтеді.
«Одан әрі Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады. Содан кейін маршрут Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін өтеді. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-логистикалық торабы қарастырылған», — делінген әкімдік хабарламасында.

Алматыдағы LRT желісінің трамвай желісінен қандай айырмашылығы бар?
Әкімдік ұсынған мәліметке сәйкес, бекітілген жоба бойынша, LRT бірінші желісінің бірінші кезегі толығымен жерүсті болып табылады және эстакадалар салуды көздемейді. Айта кетерлігі, эстакада дегеніміз — жеңіл рельсті көлік пойыздары жүретін арнайы жерүсті құрылыс нысаны немесе көпір. Демек, Алматыдағы LRT құрылысында мұндай эстакада (ред. көпір) болмайды, сондықтан ол трамвай желісіне ұқсауы мүмкін.
«Тағы бір ерекшелік Алматыдағы LRT құрылысында жерүстінде, көлік қозғалысына қажет желі жүргізіледі, оның екі шетіне бордюр қойылады. Яғни, Алматыдағы LRT-нің трамвай желісінен айырмашылығы — трамвай көлік кептелісі кезінде, басқа да көліктермен кептелісте тұрып қалса, енді екі шетінде бордюр болғандықтан кептеліс оған әсер етпейтін болады. Сондай-ақ, ол метро құрылысынан бағасы тұрғысынан әлдеқайда арзанырақ», — дейді әкімдік өкілдері.
Әкімдік сондай-ақ, аталған қоғамдық көліктің техникалық сипаттамасын да ұсынды.
«LRT жылжымалы құрамының ең жоғары техникалық жылдамдығы 65–70 км/сағ құрайды. Алайда аялдама пункттерінің орташа арақашықтығы шамамен 700 метр болғандықтан, қозғалыстың пайдалану кезіндегі орташа жылдамдығы шамамен 35 км/сағ болады. Бұл жайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді», — делінген ведомство хабарламасында.
Қала әкімдігі аталған көлікпен күніне 110-120 мың адам тасымалданады деп сендіріп отыр. Құрылыс жоспар бойынша 2027 жылы аяқталмақ.
SkyTrain жобасы несімен ерекшеленеді?
Әкімдік көлік инфрақұрылымын дамытудың келесі маңызды бағыты – SkyTrain жобасы екенін еске салды. Оны іске асыру келесі жылы басталады.
«Басым бағыттардың бірі – «Шығыс қақпасы» және «Батыс қақпасы» полицентрлерін дамыту. Бүгінде мұнда жол және инженерлік инфрақұрылым белсенді салынып жатыр. Бұл жеке инвестициялар тартуға және жаңа экономикалық белсенділік орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, мұнда AI Park, Almaty Promenade, Almaty Design District, жаңа халықаралық көрме орталығы, Almaty Water Garden, әлеуметтік нысандар, заманауи тұрғын үй кешендері мен саябақтар сияқты ірі жобалар іске асырылады.
«Болашақ желінің ұзындығы шамамен 42 шақырымды құрайды. Маршрутта 20 станция қарастырылған, ал бір құрам шамамен 500 жолаушыны тасымалдай алады», — делінген хабарламада.
SkyTrain жүйесінің басты ерекшелігі — көлік инфрақұрылымының толық оқшаулануы, яғни негізгі құрам — пойыздар қолданыстағы көше-жол желісінің үстімен жүретін болады.
«Бұл кептелістерге, жүктемесі жоғары қиылыстарға және автокөлік қозғалысының қарқындылығына байланысты кідірістерді болдырмауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Түйін
Осылайша, Алматыда қоғамдық көлік жүйесін дамыту аясында бірден екі жоба – LRT және SkyTrain іске асырылмақ. LRT желісінің бірінші кезегі жерүсті форматта салынып, көлік қозғалысынан оқшауланған жолмен жүреді. Ал SkyTrain толықтай эстакадада орналасып, қаланың негізгі көлік тораптары мен орталықты байланыстыруы тиіс. Әкімдік бұл жобалар қоғамдық көліктің өткізу қабілетін арттырып, жолаушылардың жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтеді.


