NoFake

Мәдениет пен ақпараттық саясат: Тоқаев жаңа министрге қандай міндеттер қойды

Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдап, ведомство жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Президент мәдениет пен креативті индустрияны дамыту, ақпараттық кеңістікті жандандыру және цифрлық тәуекелдерді ескеру бойынша бірқатар міндет қойды.

Кездесуде мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыру және заң жобалау жұмысын қазіргі цифрлық сын-қатерлерге бейімдеу қажет екенін атап өтті.

«Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Мәдениет саласында Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар креативті индустрияны одан әрі дамыту және Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеудің маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, министрлікке қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру және жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау міндеті жүктелді.

Оқу үшін