NoFake

LRT бағыты бойындағы қоршалған шатырлар не үшін қойылған — Компания түсіндірді

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желіде Астанадағы LRT бойында қоршалған, жабық шатырлар туралы жиі айтылады. Ондай шатырлар не мақсатта құрылды? Компания Nofake.kz-ке түсініктеме берді.

Желідегі пікірлер қандай?

Threads қолданушыларының бірі Астанадағы Сығанақ көшесінің бойымен «Tarlan» деген жазуы бар, қоршалған, жабық шатырлар көргенін жазған.

«Ішінде не істеп жатқандарын білесіздер ме? ЛРТ-ның бағаналары көрінбейді, бірақ бірдеңені белсенді түрде жасап жатқан сияқты. ЛРТ-ны Айтматов көшесіне дейін жеткізуді шынымен жеделдетіп жатыр ма екен?», — деп жазған ол.

Скриншот: әлеуметтік желі

Компания түсініктемесі

Аталған сауалды компанияның баспасөз қызметіне қойғанымызда, олардан келесідегідей жауап алдық.

«Иә, бүгінде Астанада «Tarlan»-ның екінші тармағын салу жұмыстары басталды. Көше бойларындағы қоршалған шатырлардың тұрғаны да рас. Себебі, қазіргі таңда аталған учаскеде геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, құрылысты бастамастан бұрын, геологиялық зерттеу жүргізілуі керек екенін ескертеміз», — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Астана мен Қосшы арасында LRT-ның екінші тармағының құрылысы басталып кетті. Аталған тармақтың құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Tarlan Astana-ның үшінші кезеңі оң жағалаумен өтіп, Астана-1 теміржол вокзалына дейін жететіні белгілі. Оның ұзындығы Tarlan Astana-ның бірінші кезеңінен де ұзын болып, 26 шақырымды құрайды. Жаңа бағытта 20 бекет болады деп күтіліп отыр.

Оқу үшін