NoFake

«Балаңыз қатты дуаланған»: полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді

Фото: Depositphotos

Интернетте өзін емші, көріпкел немесе балгер ретінде таныстырып, «балаңыз қатты дуаланған» деген желеумен ақша сұрайтын алаяқтар көбейген. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды мұндай ұсыныстарға сенбеуге шақырды.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтармен байланысады. Олар түрлі «белгілерді» алға тартып, баласына немесе жақын адамына қауіп төніп тұрғанына сендіруге тырысады. Кейін «дуаны қайтару», «ем жүргізу» немесе қажетті заттарды сатып алу сылтауымен ақша аударуды сұрайды.

«Алаяқтар адамдардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Интернеттегі бейтаныс адамдардың “емдеп жазу”, “көз тиюден арылту” туралы уәделеріне сенбеңіз және таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармаңыз», — деп ескертті ІІМ.

Сондай-ақ полиция жеке және банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеуге кеңес береді. Күмәнді жағдай туындаса, хат алмасу тарихы мен ақша аударылғаны туралы түбіртектерді сақтап қойған жөн.

Егер осындай тәсілмен ақша талап етсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, 102 нөміріне дереу хабарласу қажет.

Оқу үшін