NoFake

Мектепте оқушыларға өшірілетін қалам ұстауға бола ма

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде «мектеп оқушыларына өшірілетін қаламды пайдалануға бола ма» деген тақырып жиі талқыланады. Nofake.kz мәселені зерттеп көрді.

Желідегі пікір қандай?

Желі қолданушыларының кейбірі өшірілетін қаламды жақтаса, енді бірі оның оқушының шынайы білімін көрсетпейтінін жеткізген.

Скриншот: әлеуметтік желі

Министрлік түсініктемесі

Мәселенің мән-жайын нақтылау үшін, Оқу-ағарту министрлігіне хабарластық. Ведомство жолдаған ақпаратқа сай, Қазақстан Республикасының заңнамасында мектептерде өшірілетін қаламдарды пайдалануға қатысты арнайы тыйым немесе талап белгіленбегені анықталды.

«Сондықтан күнделікті оқу процесінде білім алушылардың мұндай қаламдарды пайдалануына шектеу қойылмайды. Сонымен қатар емтихан, бақылау жұмыстары және білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған өзге де жұмыстар кезінде академиялық адалдық қағидаттарын сақтау, бағалау нәтижелерінің объективтілігі мен дұрыстығын қамтамасыз ету маңызды», — делінген хабарламада.

Ведомство осыған байланысты мұндай жұмыстарды орындау барысында, смартфондарды, шпаргалкаларды және өзге де рұқсат етілмеген құралдарды пайдалануға жол берілмейтіні сияқты, жазылған ақпаратты кейін өзгертуге немесе өшіруге мүмкіндік беретін өшірілетін қаламдарды да қолданбау ұсынылатынын жеткізді.

«Бағалауға жататын жұмыстарда қарапайым шарикті қаламдарды пайдалану академиялық адалдықты сақтау және орындалған жұмыстың бастапқы мазмұнын өзгеріссіз қалдыру тұрғысынан орынды болып табылады», — делінген министрлік түсініктемесінде.

Түйін

Сонымен, Қазақстан мектептерінде өшірілетін қаламдарды қолдануға заң жүзінде тыйым салынбаған. Алайда емтихан, бақылау жұмыстары және бағаланатын басқа да тапсырмаларды орындау кезінде министрлік қарапайым шарикті қалам қолдануды ұсынады. Себебі өшірілетін қаламмен жазылған мәтінді кейін өзгертуге немесе өшіруге болады, бұл бағалау нәтижесінің объективтілігіне күмән келтіруі мүмкін.

Оқу үшін