NoFake

Штаттағы қызметкерді қысқартқанда қандай өтемақы төленеді – Еңбек министрлігі түсіндірді

Фото: Gov.kz

Биыл Астанада 149 ұйымның 547 қызметкерімен штат санының қысқаруына байланысты еңбек шарты бұзылған. Қызметкер қысқартуға ұшыраған жағдайда жұмыс беруші қандай талаптарды сақтауға міндетті екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов айтты.

Оның сөзінше, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруы жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға негіз бола алады. Алайда қысқарту туралы шешім қабылданды екен деп қызметкерді бірден жұмыстан шығаруға болмайды. Жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.

Қызметкерге бір ай бұрын ескерту керек

Еңбек кодексінің 53-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге алдағы жұмыстан босату туралы кемінде бір ай бұрын хабарлауы тиіс. Қызметкер жазбаша келісім берген жағдайда ғана еңбек шарты осы мерзім аяқталмай тұрып бұзылуы мүмкін.

Сонымен қатар жұмыс беруші қысқартуға түсетін қызметкерлер туралы мәліметті жұмыстан босатуға кемінде бір ай қалғанда Enbek.kz жүйесі арқылы мансап орталығына жіберуге міндетті.

«Зейнет жасына жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерге ерекше назар аудару қажет. Оларды қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуына байланысты жұмыстан босатуға жол берілмейді», – деді Мұрат Шәкенов.

Қысқартылған қызметкерге қандай өтемақы төленеді?

Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес, штаттың немесе қызметкерлер санының қысқаруына байланысты еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге бір айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлеуге міндетті. Егер еңбек немесе ұжымдық шартта бұдан жоғары өтемақы қарастырылса, қызметкерге сол мөлшер төленеді.

Бұдан бөлек, қызметкерге тиесілі барлық төлем еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі керек. Оның ішінде жалақы және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы бар.

«Қызметкер қысқартылған кезде үш негізгі кепілдікті есте сақтауы маңызды: алдағы жұмыстан босату туралы алдын ала хабарлау; бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу; жалақы мен пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны қоса алғанда, түпкілікті есеп айырысу», – деді спикер.

Астанада 547 адам қысқартылған

Мұрат Шәкеновтің мәліметінше, биыл елордада 149 ұйым қызметкерлерін қысқартқан. Жалпы 1330 адамға алдағы қысқарту туралы хабарлама жіберілген.

«Биыл Астанада 149 ұйымның 547 қызметкерімен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен қызметкерлер саны немесе штатының қысқартылуына байланысты бұзылды. Яғни барлығы 1330 қызметкерге алдағы қысқарту туралы хабарлама жіберілді. Олардың 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылды, 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр», – деді ведомство өкілі.

Егер жұмыс беруші қысқарту тәртібін сақтамаса немесе қызметкерге тиесілі ақшаны төлемесе, азамат мемлекеттік еңбек инспекциясына, келісу комиссиясына немесе сотқа жүгіне алады. Сондықтан еңбек қатынастарын және жұмыстан босату рәсімін растайтын құжаттарды сақтап қойған жөн.

Оқу үшін