NoFake

Полиция қызметкерін алаяқ деп ойлап балағаттағаны үшін жаза бар ма

Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде полициядан келген қоңырауды алаяқтық деп қабылдап, қызметкерді балағаттап қойған адамның оқиғасы талқыланды. Кейін қоңыраудың расымен полициядан түскені белгілі болған. Nofake.kz мұндай жағдайда жауапкершілік қарастырыла ма және полиция қызметкерінің жеке басын қалай тексеруге болатынын анықтап көрді.

Скрин әлеуметтік желіден

Полиция жауап алуға қалай шақырады?

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабына сәйкес, куә, жәбірленуші немесе күдікті жауап алуға шақыру қағазы  арқылы шақырылады. Онда кімнің шақырылып жатқаны, қандай мәртебеде, қайда және кімге келу керектігі, күні мен уақыты, сондай-ақ дәлелді себепсіз келмеген жағдайдағы салдары көрсетіледі.

Бұл ретте шақыру байланыс құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сондықтан шынайы полиция қызметкері «ешқашан қоңырау шалып, жауап алуға шақырмайды» деген пікір қате. Мұндай жағдайда не істеу керектігі туралы редакциямыз Алматы қаласының Адвокаттар алқасының адвокаты Смағұл Файзулладан сұрады. Маман белгісіз нөмірден келген кез келген қоңырауды автоматты түрде ресми шақыру деп те санауға болмайтынын айтады.

«Егер адам өзіне алаяқтар хабарласып жатыр деп ойласа, полиция қызметкерінің жеке басын тексеруге, оның аты-жөнін, лауазымын және бөлімшесін сұрауға, ресми нөмірге қайта қоңырау шалуға немесе 102 арқылы мәліметті нақтылауға құқылы. Қажет болса бөлімшеге адвокатпен баруға болады», — дейді маман.

Полиция қызметкерін қорлағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Билік өкілін (бұл жағдайда полицияны) қорлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 378-бабы көзделген. Бұл баптың 1-тармағында билік өкілі өз қызметтік міндеттерін атқару кезінде немесе оларды атқаруға байланысты қорлау туралы айтылады.

«Бірақ телефон арқылы полиция қызметкерін балағаттауға болмайды. Егер әдепсіз, ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін сөз қызметкердің қызметтік міндетін атқаруына немесе соған байланысты айтылса, бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы — билік өкілін қорлау бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жаза айыппұлдан бастап қоғамдық жұмыстарға, не қамауға дейін болуы ықтимал. Егер қорлау жария түрде, әлеуметтік желіде, чатта немесе байланыс желілері арқылы таратылса, жауапкершілік қатаңдауы мүмкін», — деп ескертеді Смағұл Файзулла.

Бірақ билік өкілінің қызметіне қатысты сыни пікір білдіру бұл бап бойынша жауапкершілікке тартылуға негіз болмайды.

«Сонымен қатар полиция қызметкерінің әрекетіне сын айту, заңдылығына күмән келтіру, ресми шақыруды талап ету немесе шағым беру – өз алдына құқық бұзушылық емес. Заң тұрғысынан сын мен әдепсіз жеке қорлаудың ара-жігі ажыратылады», — дейді Смағұл Файзулла.

Ал егер адам қызметкерді алаяқ деп ойласа ше?

Бұл маңызды жайт, бірақ бұл адамның жауапкершіліктен автоматты түрде босатылатынын білдірмейді. Мысалы, адамға бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, полицияға келуі керектігін айтады. Ол хабарласып тұрған алаяқтар деп ойлап, эмоционалды түрде жауап беріп, сұхбаттасушыны балағаттады делік. Кейіннен тұтқаның арғы жағында расымен полиция маманы хабарласқаны белгілі болады. Мұндай жағдайда қайтеміз?

«Әр іс жеке қаралады. Қызметкер өзін таныстырды ма, қоңырау қандай нөмірден түсті, азаматтың алаяқтықтан күдіктенуіне негіз болды ма, нақты қандай сөздер айтылды, аудиожазба немесе куәгерлер бар ма, сөз жария таратылды ма — осының бәрі ескеріледі. Қорқыту болған жағдайда ҚК-нің 380-бабы бойынша бөлек құқықтық баға берілуі мүмкін», — дейді заңгер.

Яғни, бұл «полицияны қорладым – үстімнен автоматты түрде қылмыстық іс қозғалатын болды» дегенді білдірмейді. Құқықтық баға беру үшін болған оқиғаның мән-жайын анықтау қажет.

Полицияны алаяқтан қалай ажыратуға болады?

Мамандар қоңырау күдік тудырса, жанжалға түспеген жөн екенін айтады. Оның орнына  хабарласып тұрған адамның аты-жөнін, лауазымын және бөлімшесін сұрап, қайда және қашан келу керектігін біліп, ақпаратты сол органның өзіне қайта хабарласып, нақтылап алған дұрыс. Егер қоңырау расымен полициядан келгені анықталса, ал адам оны қорлап үлгерсе, жағдайды ушықтырмау керек. Қажет болған жағдайда ресми түсініктеме беру үшін адвокаттың көмегіне жүгінген жөн.

Қоңырау күдік тудырса, адамның шынымен полиция қызметкері екенін тексеруге болады. Бірақ оны алаяқ деп ойладым деу балағаттағаны үшін жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды. Мұндай жағдайда оқиғаның қалай болғаны және нақты қандай сөздер айтылғаны ескеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін біз полиция азаматшаны «күлгені үшін» жауапкершілікке тартқаны жайлы тараған жалған ақпарат туралы жаздық.

Оқу үшін