Қазақстанда мектепке қыздарға боянып келуге тыйым салынатыны рас па

Фото: pixabay.com
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова «қыздарға мектепке боянып келуге тыйым салына ма» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Мектепке қыздарға боянып келуге тыйым салына ма?
Естеріңізде болса, бірқатар БАҚ беттерінде «жаңа оқу жылынан бастап мектепке қыздарға енді боянып келуге тыйым салынуы мүмкін» деген ақпарат тараған еді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова аталған сұраққа жауап берді.
«Сабаққа боянып келуге қатысты нақты талап жоқ. Дегенмен, мектептердің ішкі тәртіптік қағидалары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының өз жарғылары бар. Бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары өздерінің ішкі тәртіп ережелерінде осы мәселелерді де реттей алады», — деді ол.
Бұл ретте, вице-министр қыз балалардың кішкентай кезінен бастап боянуы, ең алдымен, денсаулыққа зиян екенін атап өтті.
«Сондықтан осы мақсатта мектептер өздерінің ішкі тәртіп ережелерінде оқушылардың мектеп ғимаратында бояусыз жүруін, ал ата-аналардың осы талаптың сақталуын қамтамасыз етуін белгілей алады», — деді ол
Мектеп формасына қатысты талаптар: ата-аналарға қандай жағдайда айыппұл салынады?
Оқу-ағарту вице-министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп формасына қойылатын талаптарға да тоқталды.
«Мектеп формасын сақтау бойынша бізде міндетті талаптар бар. Мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді. Осы бұйрықта форманың түсі мен үлгісіне қойылатын нақты талаптар белгіленген. Олар ата-аналармен келісіліп, қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен айқындалады және білім беру ұйымының шешімімен бекітіледі», — деді ол.
Сондай-ақ, ол міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін, әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар, ол мектептерде жарақат келтіруі мүмкін, фурнитурасы бар аксессуарларды тағуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай талап бұйрықта нақты реттелген. Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сабақта ұялы телефон ұстауға тыйым салынатынын хабарлаған еді.


