NoFake

Баланы сыни ойлауға 3 жастан бастап үйрету қажет — сарапшы

Фото: mnu.kz

Баланың сыни ойлау қабілетін үш жастан бастап дамыту қажет. Мұндай пікірді «Сыни ойлау негіздері» кітабының авторы, Дьюк және Оксфорд университеттерінің түлегі Ғабит Бекахметов білдіріп, балалардың сыни ойлауын дамытуға көмектесетін екі негізгі құралды атады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Маман балалардың сыни ойлауын дамытатын Қазақстанда негізгі екі құрал бар екенін айтты. Оның біріншісі — жарнама.

«Жарнама — тамаша кейс. Кез келген коммерциялық ролик адамның эмоциясын оятып, логикасын айналып өтіп, ақша жұмсауға итермелейді. Компаниялар бұған миллиардтаған қаржы жұмсайды. Сондықтан ата-аналар баласымен бірге жарнаманы қарап, оның «ішкі механикасын» бірге талдағаны дұрыс», — дейді маман.

Ал екінші құрал ретінде сыни ойлауды дамыту маманы – саяси науқан кезіндегі сайлауалды үгіт-насихатты атады.

 «Әсіресе сайлау кезіндегі саясаткерлердің уәделерін сараптау- үлкен мектеп. Кандидаттардың сөздерінде саяси, экономикалық және ғылыми дүниелер араласып жатады. Мысалы, қазіргі таңдағы жасанды интеллект төңірегіндегі пікірталастарды баламен талқылау оның интеллектін ұштауға көмектеседі», — дейді Ғабит Бекахметов.

Неге сұрағының пайдасы жайлы

Маманның айтуынша, көптеген ата-аналар баланың  3-4 жасында тынымсыз қоятын «Неге?» деген сұрағынан шаршайды. Алайда Ғабит Бекахметов бұл оның нағыз сыни ойлау қабілетінің дамитын кезеңімен тұспа-тұс келетін жас екенін айтады.

«Бала мектепке жеті жасында барады. Оған критикалық ойлауды бірінші кезекте үйден, 3 жасынан үйрету керек. Оны қалай үйретесің?  Кейбір балалар «неге?» деп сұрай береді. Міне осы «неге?» деген сұрақ – критикалық ойлаудың ең маңызды драйвері. «Қой! «Неге?»деп сұрай бермей, кетші әрі!»,- деп жатады кейбір ата-аналар шаршап.  Солай он рет айтсаң, бітті. Бала «неге?» деп сұрақ қоюды тоқтатады. Сосын ол сұраққа ойланбайтын болады. Өйткені ол «неге?» деп сұрасам, маған ұрсады деп ойлай бастайды»,  — дейді сарапшы.

Мұндайда бала сұрағының жауабын білмей тұрған немесе дәл сол кезде оған жауап беруге уақыты тапшы ата-анаға маман мынадай кеңес берді:

 «Дәл сол сәтте баланың сол тақырыпқа қызығушылығын байқап, импульсті дұрыс пайдалану қажет. Оған сол кезде бірдеңе үйрете бастаса, оның мәнін түсіндірсе, мәселен телефонды бір сәтке қойып, 30 секунд уақытын бөліп, сол мәселемен айналысса немесе «Мен мұны білмейді екенмін, бірақ осы сұрақты кімнен сұраған дұрыс деп ойлайсың?» деп бағыттаса, бала терең ойлана бастайды», — дейді ол.

Баланың шынайы қызығушылығын баспай, сол тақырып аясында өзіне қажетті ақпарат алуға көмектесіп, бағыт-бағдар беру өте маңызды екенін алға тартады маман.

«Мысалы, бұл биологияға қатысты сұрақ болса: «Онда мен мұны өзімнің биология пәнінен сабақ беретін мұғалімімнен сұрайын» немесе «Біздің көршіміз зоолог қой, содан сұрайын», — деп өз бетінше шешім табуға ұмтылады. Сонда қоғам ішіндегі адамдар бір-бірінен үйреніп, бәрін бірлесіп ізденетін органикалық тұрғыдан дұрыс, салауатты қоғам қалыптасады», — дейді маман.

Шетелдік балалар психологтары не дейді?

Балалар психологиясы мен когнитивті даму саласындағы жетекші шетелдік зерттеушілер де бұл пікірді қолдайды. Мысалы, Гарвард университетінің «The Everyday Classroom Tools Project» жобасының мұғалімдерінен балаларға қоршаған ортаны зерттеуге қолайлы орта құру үшін не істеген дұрыс деп сұраған кезде, олар былай деп жауап берген.

«Ашық сұрақтар қою, балаларға бақылау жасау және болжам жасау тапсырылатын жағдайлар жасау, балалардың сұрақтарына «қалай біле аламыз?» деген тәсілмен қарау, сыртқы ортаны сұрақтар мен бақылаулардың бастапқы нүктесі ретінде пайдалану,  «не болар еді, егер…» жағдайларын үлгілеу, идеялармен бөлісуді ынталандыру тәсілдерін қолданған дұрыс», — деп жауап берген.

Одан бөлек, шетел мамандары балалардың жауаптарына құрметпен қарау маңыздылығы туралы айтады. Мысалы, баланың берген жауабын кестеге жазу – ол үшін өз ойының маңызды екеніне сенімді бола түсуге көмектеседі. Балаға қанаттандыратын сөздер айтып, ыныталандырушы, жағымды атмосфера құру маңызы ескеріледі. Айта кетейік, бұған дейін біз бұл тақырыпты отандық психологтармен талқылаған болатынбыз.

Оқу үшін