«Нәтижесі бір аптада шығады»: Министрлік елдегі бензин сапасын тексеруге кірісті

Фото: TengriNews
Сауда және интеграция министрлігі азаматтардан келіп түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырған.
«Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттелуде. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады. Қазіргі уақытта азаматтардың 12 өтініші қаралуда: 9-ы – Астана қаласынан, 1-еуі – Павлодардан және 2-еуі – Солтүстік Қазақстан облысынан», — делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, министрлік 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілгенін атап өтті. Олардың 5-еуі – Алматы қаласында, 5-еуі – Алматы облысында, 6-ауы – Абай облысында және 1-еуі – Жамбыл облысында.
«Қазіргі уақытта алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізілуде. Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді. Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар», — делінген хабарламада.
Ведомство бұл ретте, автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылданатынын жеткізді.
«Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі бензин сапасына қатысты айтылып жатқан шағымдар туралы пікі білдірген еді.


