«Damumed»-те сіздің атыңыздан біреу дәрігерге жазылды: қайда жүгіну керек

Фото: mail.kz
«Damumed» қосымшасы арқылы мені емханаға, дәрігердің қабылдауына жазып қойған. Әлеуметтік желіде жалған мұндай қабылдау туралы жиі жазылады. Қосымшада расымен де сіздің атыңыздан бөтен адам әрекет ете ала ма? Nofake.kz МӘМС-тен мән-жайды біліп көрді.
Мәселе неден басталды?
Әлеуметтік желіде азаматтар «Damumed» қосымшасы арқылы дәрігерлердің қабылдауына жазылғанын, бірақ өздері бұдан бейхабар екені туралы жиі жазады.

Мысалы, А. есімді алматылық дәл қазір шет мемлекетте тұрып жатса да, оның атынан біреу «Damumed» қосымшасы арқылшы дәрігерге жазылғанын жазған.
«Жалпы дәрігерге жазылған. Мен Алматыға келгенім жаңа, демек бұған дейін кім менің атымнан жазылды және ондай болуы мүмкін бе? Мұндай жағдай орын алғанда, қайда хабарласу керек?», — деді ол.
МӘМС не дейді?
«Damumed» қосымшасына МӘМС жауапты. Сондықтан, қорға ақпараттық сауал жолдадық. МӘМС хабарламасында «қызмет туралы жазба — оның жалған екенін көрсетпейтінін» делінген.
«Ең алдымен, жүйеде нақты не көрсетілгенін анықтау қажет: қабылдауға алдын ала жазылу ма, әлде тіркелген медициналық қызмет пе. Медициналық ақпараттық жүйелердегі бастапқы мәліметті медициналық ұйымдар енгізеді. Техникалық ақау, пациентті қате таңдау немесе деректерді енгізу кезіндегі қате кетуі мүмкін. Ол үшін әр жазбаны тексеру керек», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, МӘМС егер қызмет тіркелген күні азаматтар ел аумағынан тыс жерде болса, онда мұндай жағдай міндетті түрде тексерілетінін жеткізді.
Дәрігерге фейк-жазба болған жағдайда, қайда жүгіну керек?
«Мәселені нақтылау үшін жазбада көрсетілген медициналық ұйымға жүгінуге болады. Оның жауабына қарамастан, азаматтар қорға, соның ішінде өзі алмаған қызмет туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама алған жағдайда, өтініш беруге құқылы. Өтінішті Қордың ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе eOtinish платформасы арқылы беруге болады. Өтініште ЖСН, күнін, медициналық ұйымды және қызметтің атауын көрсету, сондай-ақ бар болса, экран суретін (скриншот) және растайтын мәліметтерді беру қажет», — делінген хабарламада.
Бұл ретте, Қор өз құзыреті шеңберінде қызметтің нақты көрсетілген-көрсетілмегенін, оның тізілімге енгізілгенін, ақы төлеуге ұсынылғанын және төленгенін тексеретін болады. Сондай-ақ, МӘМС бақылау тек азаматтардың өтініштеріне ғана байланысты болмайтынын атап өтті.
«Қор ТМККК және МӘМС шеңберінде өнім берушілер көрсеткен медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте автоматтандырылған бақылау және тәуекел индикаторлары да қолданылады. Пациенттердің өтініштері қосымша ақпарат көзі әрі нақты медициналық ұйымға қатысты нысаналы тексеру жүргізуге негіз болады», — делінген хабарламада.
МӘМС көрсетілмеген қызмет фактісі расталған жағдайда, қызмет көрсетуші медициналық ұйымға тиісті шаралар қолданылатынын атап өтті.
«Олардың қатарында төлемнен соманы алып тастау немесе қызметке ақы төленіп қойған болса, қаражатты қайтару шаралары бар», — делінген хабарламада.
Қор ТМККК және МӘМС қаражаты тек іс жүзінде көрсетілген және тиісті сападағы медициналық көмектің ақысына ғана бағытталу қағидаты аса маңызды екенін атап өтті.
Түйін
Сонымен, «Damumed» жүйесінде азаматтың атынан дәрігерге жазылу немесе медициналық қызмет туралы жазбаның пайда болуы бірден жалған қызмет көрсетілді дегенді білдірмейді. Алайда азамат көрсетілген күні медициналық ұйымға бармағанын және елде болмағанын растай алса, бұл жағдайды тексеруге жеткілікті негіз болады. Мұндай күмән туындаған жағдайда азаматтар алдымен медициналық ұйымға, сондай-ақ МӘМС қорына жүгініп, жазбаның қайдан пайда болғанын және қызметтің нақты көрсетілген-көрсетілмегенін анықтай алады. Сондықтан азаматтар өз атынан тіркелген медициналық қызметтерді дер кезінде тексеріп, күмәнді жазбалар анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлағаны жөн.


