NoFake

Робот, жолбарыс, троялық сарбаз: Құрылтай сайлауындағы ерекше образдар қандай

Коллаж: NoFake.kz

Бүгін Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. NoFake.kz еліміздің түкпір-түкпіріндегі сайлау учаскелерінде ерекше образда киініп келіп, перформанс жасаған дауыс берушілер топтамасын ұсынады.

Көпшілік назарын өзіне аударудан көш бастап тұрған халат киіп, басына орамал таққан әйел десек болады. Былтыр да дәл осы образбен жанына робот ит жетектеп келген ол — биыл адам кейпіндегі роботты ертіп келіп, дауыс берді. Оның қасындағы робот расымен шынайы робот па, әлде роботтың костюмін киген адам ба? Редакция анықтап жатыр.

Скрин әлеуметтік желіден

Жақында Балқаш маңына жіберілген «жолбарыстың» да газельден түсіп, дауыс беруге келуі көпшілік назарынан тыс қалмады. Қара шлем, қара былғары күртешедегі мотоцикл жүргізушісі де өзінің азаматтық құқығын пайдаланды.

Скрин әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде елордалық сайлау учаскелерінің біріне троялық сарбаз, ежелгі Грекия патшасы Агамемнонның образындағы жігіттің дауыс беруге келгені жайлы видеоны да көруге болады.

Скрин әлеуметтік желіден

Бұл трендтен шетелдегі отандастарымыз да қалыс қалмаған. Сыртқы Істер министрлігі редакциямызға Токиодағы сайлау учаскесінде  қара қылды қақ жарған билер алқасының құрметіне би образында келген азамат жайлы хабарлады.

«Әлішер Әзімбаев — Жапонияның Цукуба университетінің Мемлекеттік саясат мамандығы бойынша білім алып жатқан екінші курс студенті», — делінген министрлік мәліметінде.

Сайлаудағы мұндай көріністердің саяси астары бар ма?

Сайлау учаскелеріндегі мұндай перформанстарды саяси коммуникацияның бір түрі деп қарастыруға бола ма деген сауалға қазақстандық Қоғамдық даму институтының медиа және коммуникациялар сарапшысы  Рашид Кемелбек жауап берді.

«Азаматтардың сайлау учаскесіне ерекше образдармен келуінің барлығын саяси перформанс ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Өйткені, костюмнің өзін саяси белгі, я, хабарламаға жатқызу қате болады. Ондай мінез-құлықтың көрінісінде азаматтың түпкі ойы, контекстідегі мағына мен медиа вакуумдағы бейненің көрінісіне назар аударған жөн. Заманауи саяси коммуникация әлдеқашан саясаткерлердің сөз сөйлеуі, дебаттар немесе партиялардың сайлауалды жарнамасы мен бағдарламар шеңберінен тысқарыға шығып кеткен», — дейді маман.

Сайлаудың энтертайментке айналу қаупі бар ма?

Көпшілікті толғандыратын тағы бір мәселе – мұндай визуалды көріністер сайлаудың саяси мазмұнын ығыстырып, оны шоу-контентке айналдырып жібермей ме деген сұрақ. Бұл ретте сарапшы «infotainment», яғни ақпарат пен көңіл көтерудің үйлесімі және «politainment» — саясат пен поп-мәдениеттің жақындасуы ұғымдарын мысалға келтірді.

«Күрделі саяси тақырыпты қандай да бір қысқа видео, визуалды оқиға немесе қалжыңмен түсіндіріп, қайта халыққа одан бетер тартымды етуге болады. Мәселе көңіл-көтеру саяси ақпаратты берудің тәсілінен алмастырушының рөліне өткенде туады», — дейді Рашид Кемелбек.

Айта кетсек, бұған дейін біз сайлаудағы ерекше образдар саяси технология ма, әлде тренд пе деген сауалды сарапшылармен бірге талдаған болатынбыз.

Оқу үшін