NoFake

Партияның үгіт материалын дүкен сыртына ілуге бола ма: заңда не көзделген

Фото: pixabay.com

Қазақстанда сайлауалды үгіт жүргізу науқаны қыза түсті. Осыған орай, желіде партиялардың үгіт жүргізу парақшалары мен баннерлері, тіпті дүкен сыртына ілінді деген ақпарат тарады. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Желі қолданушылары не дейді?

Желіде әлеуметтік желі қолданушысы өзінің жекеменшік дүкенінің сыртына партияның үгіт жүргізу парағының ілінгені туралы жазба жариялады. Онда дүкен иесі «өз келісімінсіз брошюраның ілінгенін, заң жүзінде бұлай істеуге рұқсат бер ма?» деп сұраған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Сол сияқты желі қолданушылары «партиялардың кейбір үгіт материалдары тіпті қоғамдық көліктерде де ілінгенін, оған заң жүзінде рұқсат етілген бе?» деген сұрақты жиі талқылаған. Олардың бірі мұндайға заңды тұрғыда нысан иесінің келісімімен рұқсат бар десе, енді бірі рұқсат жоқ екенін айтқан.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Заңда не көзделген?

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 6-шы тармағына сәйкес, баспа үгіт материалдарын орналастыру орындарын жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп анықтайды. Сондай-ақ, Конституциялық заңның 28-бабының 7-ші тармағына сәйкес, баспа үгіт материалдарын өзге үй-жайларда, ғимараттар мен құрылыстарда олардың меншік иелерінің немесе иеленушінің келісімімен ғана орналастыруға болатыны жазылған. Яғни кандидат немесе саяси партия жеке ғимаратқа не жарнама конструкциясына үгіт материалын орналастырғысы келсе, алдымен меншік иесінің рұқсатын алуы қажет.

Одан бөлек, Конституциялық заңның 28-бабының 6-шы тармағына сәйкес, үгіт материалдарын ескерткiш, ескерткіш тұғырға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үй мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайға iліп қоюға тыйым салынады.

Түйін

Сонымен, жеке дүкенге, ғимаратқа немесе басқа нысанға сайлауалды үгіт материалдарын меншік иесінің немесе заңды иеленушінің келісімінсіз орналастыруға болмайды. Конституциялық заңға сәйкес, арнайы үгіт орындарын жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары айқындайды, ал өзге нысандарға үгіт материалдарын ілу тек меншік иесінің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ескерткіштерге, тарихи, мәдени және сәулеттік құндылығы бар ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беру өтетін үй-жайларға үгіт материалдарын орналастыруға заңмен тікелей тыйым салынған.

Оқу үшін