NoFake

Қазақстандықтар үшін Шенген визасы қалай жеңілдейді — СІМ түсіндірді

Фото: Depositphotos

Қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу жеңілдей ме? Сыртқы істер министрлігі редакциямыздың визалық режимді жеңілдету, Еуропалық одақпен жасалып жатқан келісім және қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғаны туралы сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz

Еуроодақпен келісім қай елдерді қамтиды?

СІМ мәліметінше, болашақ жеңілдіктер Шенген аймағына кіретін және Шенген заңнамасын толық қолданатын 25 Еуропалық Одақ мүшесіне қатысты болады.

«Келісім Шенген аймағына кіретін және Шенген заңнамасын толық қолданатын Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге қатысты болады. Еуропалық Одақтың визалық саясаты мен Шенген құқығының ерекшеліктеріне байланысты бұл келісім ЕО-ның барлық елдеріне бірдей автоматты түрде таралмайды. Келісім қолданатын ЕО елдері (25 мемлекет): Австрия, Бельгия, Болгария, Мажарстан, Германия, Греция Испания, Италия, Кипр (ішінара Шенген), Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швеция, Эстония», — деп хабарлады СІМ өкілдері.

Келісім қашан күшіне енеді?

Қазіргі уақытта құжатқа қол қою алдындағы мемлекетішілік рәсімдер жүріп жатыр. Оған ведомствоаралық келісу, міндетті сараптамалар және Үкімет қаулысын қабылдау кіреді.

«Жобаға қол қойылғаннан кейін құжат парламенттік ратификациялаудан өтіп, тараптардың ресми ноталармен алмасуынан кейін күшіне енеді. Осыған байланысты Келісімнің нақты күшіне ену мерзімі және жеңілдетілген визалық рәсімдерді қолданудың басталу күні туралы ресми ақпарат Келісім күшіне енгеннен кейін жарияланатын болады», — деп хабарлады СІМ редакциямызға берген жауабында.

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?

Ведомство өкілдері 2022 -2025 жылдары жүйелі дипломатиялық жұмыстардың арқасында отандастарымыз визасыз сапар шеге алатын елдердің географиясы айтарлықтай кеңейгенін айтады. Мысалы, қазақстандықтар үшін Қытайға әр барып келгендегі 30 күндік мерзім есептеледі, бірақ бұл елде 180 күн (жарты жыл) ішінде жиынтығы 90 күннен артық жүруге рұқсат жоқ. Яғни, жарты жылдың ішінде Қытайда барлық сапарларыңызды қосқанда 90 күннен артық жүруге болмайды. Соңғы үш жылда визасыз баруға болатын елдері тізімін төмендегі инфографикадан көре аласыздар.

Инфографика: NoFake.kz

Виза алу тәртібі мен консулдық талаптар қандай?

Әлеуметтік желілерде Польша, Чехия, Эстония, Прибалтика елдері және Чили секілді кейбір елдерге виза алу қиындап кетті деген пікірлер жиі айтылады. Министрліктен бұл мәселенің себебін сұрап көрдік.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өз қызметін халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, оның ішінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 41-бабында бекітілген мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидатына сәйкес жүзеге асырады. Осыған байланысты Министрлік шет мемлекеттің құзыретті органдарының қызметіне араласуға немесе олар қабылдайтын шешімдерге ықпал етуге құқылы емес», — деп жауап берді.

Сондай-ақ, министрлік виза рәсімдеуге қажетті нақты құжаттар тізімі мен консулдық алым мөлшерін әр шет мемлекеттің ресми дипломатиялық өкілдіктерінің сайттарынан тексеруге болатынын айтты. Бұл сілтемелер ҚР СІМ-нің ресми сайтында қолжетімді.

Оқу үшін