ЖИ арқылы жасалған үгіт-насихат міндетті түрде таңбалануы тиіс – Министрлік

Фото: NoFake.kz
«САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» алаңында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев саяси науқан кезінде жасанды интеллектпен жасалған барлық үгіт-насихат өнімдері міндетті түрде таңбалануы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Вице-министр бұл талап азаматтарды алдын ала хабардар етуге және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«Үгіт-насихат жұмыстары аясында ЖИ көмегімен жасалған кез келген контент – видео, аудио немесе екеуі бірдей қолданылған болсын, міндетті түрде таңбалануы тиіс. Яғни, ең бастысы – бұл барлық азаматтарымызды контенттің жасанды интеллект көмегімен жасалғаны туралы ескерту үшін қажетті таңбалау мәселесі», — деп хабарлады министр орынбасары.
Сондай-ақ министрлік өкілі адамдардың санасына манипуляция жасауға және белгілі бір топтарға әсер етуге бағытталған заңсыз әдістерге қатаң шектеу қойылатынын жеткізді.
«Әрине, бұл тыйым салынған, бұл жалпы әлемдік талаптар. Егер жасанды интеллект көмегімен белгілі бір адамдар тобы таңдалып, оларға ықпал ету, әсер ету мақсатында мақсатты түрде қолданыла бастаса, ал бұл ретте адам өз келісімін бермей, осы контенттің тұтынушысына айналса, бұл — әрине, заңсыз. Ең бастысы, жасанды интеллект арқылы жасалған кез келген видео және аудио контент автоматты түрде реттеу аясына кіретінін атап өткім келеді», — деп ескертті Бақтияр Мұхаметқалиев.
Айта кетейік, бұған дейін біз сайлауалды үгіт-насихат барысында адам бейнесін рұқсатсыз пайдалану жайлы жазған болатынбыз.


