NoFake

120 млн теңгеден астам шығын: ҚМА ірі дропперлік желіні әшкереледі

фото: Depositphot

ҚР ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік қызметті ұйымдастыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, Ақтөбе қаласының аумағында телефон және интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардан жымқырылған ақшалай қаражатты қабылдау, конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен.

«Топ құрамында оннан астам адам болған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан. Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген», — делінген хабарламада.

Агенттік, блокчейн-талдау құралдарының көмегімен жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілгінін атап өтті. Осылайша, алдымен жәбірленушілердің ақшалай қаражаты транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылып отырған.

«Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған. Операцияларға заңды сипат беру мақсатында жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар қолданылған. Қылмыстық схеманың соңғы кезеңінде заңсыз кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған», — делінген хабарламада.

️Агенттік қазіргі таңда еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталғанан атап өтті. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асқан.

«Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды», — делінген хабарламада.

Агенттік тергеп-тексеру жұмысы жалғасып жатқанан атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанда дропперлер арқылы 112 млрд теңге қаржы айналымға өткенін хабарлаған еді.

Оқу үшін