NoFake

Қазақстанда дропперлер арқылы 112 млрд теңге қаржы айналымға өткен

Иллюстрация: magnific.com

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден астам азамат тартылған. Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген. Тек соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталған.

«Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлікпен күресті елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады», – делінген ҚМА хабарламасында.

ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметінше, бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген.

«Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген. Жетісу облысында да осыған ұқсас схема анықталды. Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген тұрғын интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап, кейін оны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушыларға аударып отырған. Әр операциядан комиссия алып жүргені белгілі болды»,-делінген хабарламада.

Түркістан облысында дропперлік схема Telegram арқылы басқарылған. Кураторлар студенттер мен кәмелетке толмағандарға сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылған.

«Дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Азаматтарды өздерінің банктік шоттарын, төлем карталары мен интернет-банкинг деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырамыз», – деп ескертті ҚМА.

Агенттік өкілдері қаржылық қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын атап өтіп, күмәнді қаржылық ұсыныстар мен «жеңіл табыс» уәде еткен жұмыс хабарландыруларына сенбеуге кеңес берді.

Оқу үшін