NoFake

Темекіні бірден тастау қауіпті ме: Бас пульмонологтың жауабы

Коллаж: NoFake.kz

Темекіні бірден тастау зиян деген пікір рас па? Шылым шегуден бас тартқан адамның тынысы тарылып, демалуы қиындай ма? NoFake.kz. еліміздің бас пульмонологы Наталья Латыповадан сұрады.

Астана медицина университетінің Тыныс алу жүйесі медицинасы ғылыми-зерттеу институты директоры, еліміздің Бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпова жылдар бойы темекі шегіп келген адам шылымнан бірден тастаса, ағзада өзгеріс болатынын растады. Алайда, маман бұл өзгерістің уақытша екенін және бәрін қалпына келтіруге болатынын айтты.

«Темекі шегуші кейде нені сезінуі мүмкін: темекі түтіні тәжірибелі темекі шегушіге қоздырғыш болады. Қақырық бөлуге, яғни бронхты тазартуға мүмкіндік береді десек те болады. Сау адамда бұл механизм жұмыс істеуі үшін ешқандай сыртқы әсер қажет емес. Ал темекі шегуші де бронхты тазартуға арналған қорғаныш реакциясы бұзылады»,- дейді Наталья Александровна.

Сондықтан адам бірден темекіні тастағанда бронхтың бітеліп қалғанын сезінеді. Мұндай жағдайда пациентке медикаментоздық көмек беретін мүмкіндік өте көп.

«Бұл — ағзадағы резервтер қалпына келгенге дейінгі уақытша кезең. Сондықтан пациент темекіні тастап жатқан кезеңде оның жағдайын қандай да бір дәрілік препараттардың көмегімен жақсартуға, бронхты тазау, дренажды жақсартуға болады. Және кейін бәрі қалпына келеді»,- дейді Бас пульмонолог.

Маман басты қиындық – физикалық емес, психологиялық тәуелділікте екенін айтты. Кейбір науқас қатты күйзеліске түсіп кетеді, алайда бұл мәселені шешуге болатын балама жолдар бар. Маман темекіні тоқтату адам ағзасы үшін әлдеқайда пайдалы екенін айтты.

Айта кетейік, біз бұған дейін «Кальян шегу — қауіпсіз деген рас па?» деген сауалға жауап берген болатынбыз.

Оқу үшін