Кальян шегу қауіпсіз деген — жалған

Иллюстрация: NoFake.kz
Жастар арасында «кальян шегу қауіпсіз, оның түтіні су арқылы тазарады» деген пікір қалыптасқан. Алайда, дәрігерлердің уәжі басқа. Еліміздің штаттан тыс бас пульмонологы: «Хош істі түтіннің құрамында никотин мен канцерогеннен тұратын қауіпті химикаттар қосындысы бар. Жастар зиянды емес деп есептейтін қою ақ түтін, шын мәнінде, өкпе тіндерін күйдіреді», — деді, деп хабарлайды NoFake.kz
Астана медицина университетінің Тыныс алу жүйесі медицинасы ғылыми-зерттеу институты директоры, м.ғ.д., ҚР ДСМ Бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпова редакциямызға берген эксклюзивті сұхбатында кальянның тыныс алу жолдарымен қатар, адамның миы мен орталық жүйке жүйесіне де кері әсері барын айтты. Дәрігердің пікірінше, су сүзгісі бықсып жанған көмірден бөлінетін зиянды компоненттерді залалсыздандыра алмайды.
«Бұл – толықтай миф. Әбден қалыптасқан жалған ұғым. Себебі бұл жерде судың ешқандай қатысы жоқ. Ол жанып жатқан отынды мүлдем тазартпайды», — деді дәрігер.
Кальянға уланып, жансақтау бөліміне түсетіндер көп
Бас пульмонолог нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, кальянның кесірінен денсаулығынан айырылып, ауруханадан, тіпті жансақтау бөлімінен бір-ақ шығатын жастар көп.
«Бізде мұндай оқиғалардан сағаттап мысал келтіруге болады. Дәл осы жаман әдеттің салдарынан апта сайын кем дегенде бір жас қыз немесе жас жігіт өкпесі толық зақымданып, ауруханаға түседі. Бұл – біз күнделікті көріп отырған шынайы жағдай», — деді дәрігер Латыпова.
Кальянның кері әсері бірден білінбейді. Жастар алғашқы белгілерге мән бермейді, біраз үзілістен соң, үйреншікті әдетіне қайта оралады. Салдарынан адамның ауруы асқынады.
Ми мен орталық жүйке жүйеге төнген жасырын қауіп
Кальян құтының жабық контурында оттегі жетіспей, иіс газы (CO) түзіледі, міне, сол газ жоғары концентрацияланған. Ол қанға өтіп, оттегіні бұғаттайды, бұл, әсіресе, жас ағзаға өте қауіпті.
«СО газы тек тыныс алу жолдарына ғана емес, жүйке жүйесіне де айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе жасөспірімдердің, өсіп келе жатқан ағзаның, бас миының әлі жетілмеген құрылымдары үшін зардабы өте ауыр. Бұл дамудың тежелуіне, реакция мен қабылдаудың баяулауына, көптеген дофамин құрылымдарының жетілмей қалуына әкеп соғуы мүмкін. Яғни, жасөспірімдер үшін бұл өте маңызды, бірақ бірден байқала бермейтін қауіп болуы мүмкін. Мұның зардабы уақыт өте келе білінеді», — деп ескертті пульмонолог.
«Хош иісті у»: Кальян өкпені қалай күйдіреді
Дәрігер кальянның жағымды иісіне қатысты алдамшы түсінікті де жоққа шығарды. Оның айтуынша, хош иістің түбінде никотин мен канцерогендерден тұратын қауіпті химикаттар қосындысы жасырынған. Көпшілік зиянсыз бу деп есептейтін қою ақ түтін, шын мәнінде, өкпе тіндерін термиялық түрде күйдіреді.
«Өкпенің өткір зақымдануы мүмкін. Бұл олардың құрамында міндетті түрде болатын пропиленгликоль мен глицериннің термиялық әсерінен болады. Олармен темекі жапырақтары өңделеді, кейін ол арқылы осы бу өтеді. Бұл ақ түтін ешқандай да қауіпсіз емес. Ал хош иістендіргіштермен бүркемеленген, жапырақтарға сіңірілетін нәрселердің бәрі – жай ғана әдемі иісі бар, сырты жылтыр “кәмпит” қана», — деп түсіндірді дәрігер.
Сонымен қатар, дәрігер кальян түтіні айналадағы адамдар үшін де қауіпті екенін ескертті. Кальян шегілген жерде отырғандар, әсіресе бронх демікпесі немесе бронх гиперактивтілігі бар адамдар абай болғаны абзал.


