NoFake

Мектеп ауласында серуендеуге бола ма: оқушы қауіпсіздігіне кім жауапты

Фото: pixabay.com

Аз уақыттан соң, еліміздегі мектептерде жаңа оқу жылы басталады. Осыған орай, көпшілікті мектеп іші мен оның сыртындағы қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Nofake.kz мектеп сыртындағы аулада кімдерге серуендеуге болатынын біліп көрді.

Мәселе қайдан шықты?

Астаналық И. есімді тұрғын өзі отбасымен бірге үй алдындағы мектеп ауласында серуендейтінін жеткізді. Алайда, мектеп күзетшілері кейде «онда балалармен серуендеуге болмайтынын, сол себепті ауладан шығуын» сұрайтынын жеткізді.

«Дәл осындай жағдай көз алдымда болды. Мектеп ауласында серуендеп жүрген анасы мен баласына күзетші ауладан шығуын, онда ойнауға болмайтынын айтты. Жалпы, мектеп әкімшілігі іштегі тәртіпке жауапты екенін білеміз. Ал, аулаға кім жауапты? Онда қарапайым тұрғындарға бос уақытта неге серуендеуге болмайды», — деді ол.

Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

Аталған сұраққа нақты жауап алу үшін, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып көрдік. Ондағылар

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру ұйымының басшысы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және ұйым қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін атап өтті.

«Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығымен бекітілген «ҚР білім беру саласында қызметті жүзеге асыратын терроризм тұрғысынан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес білім беру ұйымдарында өткізу және объектішілік режим ұйымдастырылады. Осыған сәйкес білім беру ұйымының аумағына адамдардың кіруі белгіленген өткізу режиміне сәйкес жүзеге асырылады», — деп түсіндірді.

Ведомство қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде мектеп аулаларын азаматтардың еркін серуендеу орны ретінде пайдалану көзделмегенін атап өтті.

«Осыған байланысты мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне қатысты шешім қолданыстағы заңнама талаптары мен білім беру ұйымында белгіленген өткізу режиміне сәйкес қабылданады.
Осылайша, мектеп аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өткізу және объектішілік режимді ұйымдастыру білім беру ұйымының басшысының жауапкершілігі болып табылады», — деді мамандар.

Түйін

Сонымен Қазақстанда мектеп аулалары тұрғындардың еркін серуендейтін қоғамдық орындары болып саналмайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мектеп аумағына кіру білім беру ұйымында белгіленген өткізу режиміне сай жүзеге асырылады. Ал мектеп аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бөгде адамдардың кіруіне қатысты шешім қабылдау және өткізу тәртібін ұйымдастыру – білім беру ұйымы басшысының құзыретіне жатады.

Оқу үшін