NoFake

Ұстаздар премия алатыны рас па: министрлік мән-жайды түсіндірді

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Әлеуметтік желіде ұстаздардың жалақыдан бөлек сыйлықақы алатыны, оны қандай жағдайда алуға болатыны жайлы ақпарат тарады. Nofake.kz «мұғалімдер расымен премия ала ма және оны қай уақытта тағайындайды?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Мұғалімдерге премия расымен беріле ме: әлеумет неге шулады?

Желіде аталған мәселенің жиі талқылануына, ұстаздардың өздерінің премия алу туралы ақпараттан бейхабар болып шығуы себеп болды. Олардың кейбірі ешқашан сыйақы алмағанын жазса, енді бірі алған сыйақысын қайтаруға мәжбүр болып жатқанын мәлімдеген.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Ұстаздар қай уақытта сыйақы ала алады: министрлік жауабы

Сонымен мектеп мұғалімдеріне шынымен сыйлықақы беріле ме? Берілсе, қандай жағдайда тағайындалады? Аталған сұрақтарға нақты жауап алу үшін, Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып көрдік. Ведомство өкілдері ұстаздарға шынымен премия берілетінін растады.

Айтуларынша, Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне сыйақы беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Бұл ретте, министрлік ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларына сәйкес сыйлықақы беру қызметкерлерді материалдық ынталандыру шараларының бірі болып табылатынын жеткізді.

«Ол қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін көтермелеуге, сондай-ақ қызметкерлердің өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындауға деген мүдделілігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте қызметкерлерге сыйлықақы беру туралы шешімді білім беру ұйымының басшысы өз құзыреті шегінде, тиісті қаржылық мүмкіндіктер болған жағдайда, бюджет қаражатының үнемделуі есебінен қабылдайды», — делінген министрлік хабарламасында.

Осылайша, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагогтерге сыйақы беру туралы шешімді ұйым басшысы қабылдайды. Сыйақы бюджет қаражаты үнемделген жағдайда және бөлінген қаражат шегінде беріледі.

Түйін

Мектеп мұғалімдеріне сыйақы берілуі мүмкін. Алайда ол міндетті төлем емес. Сыйақы тағайындау туралы шешімді білім беру ұйымының басшысы өз құзыреті шегінде, бюджет қаражаты үнемделген және қаржылық мүмкіндік болған жағдайда қабылдайды. Яғни педагогтерге сыйақы төлеу нақты ұйымның қаржылық жағдайына және қолданыстағы заңнама талаптарына байланысты жүзеге асырылады.

Айта кетейік, мұғалімдердің сыйақы алуы туралы материалды бұған дейін де жариялаған болатынбыз. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі сол кезде министрлік өкілдерінің брифингте берген жауабын ұсынған болатын. Онда Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ұстаздарға қай уақытта сыйақы берілетіні туралы түсіндірген еді. Аталған видео желіде қайта тарап, ұстаздар арасында қызу талқыға түскен.

Оқу үшін