NoFake

Жаз уақытындағы ультракүлгін сәулелер теріге қалай әсер етеді

Фото: pixabay.com

Жаз уақытында ультра күлгін сәулелер индексінің жоғары болуы теріге кері әсер етуі мүмкін. Мамандар аптап ыстықта күн сәулелерінен қорғану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Төлебаева жазда ультра күлгін сәулелерден қалай қорғануға болатынын жеткізді.

«Ультра күлгін сәулелер индексі жоғары болған жағдайда, міндетті түрде Spf кремдерін көп жағу керек. Оны тек таңғы уақытта бір рет қана жағып қоймай, бір күн ішінде бірнеше рет пайдаланған дұрыс», — деді ол.

Сонымен бірге, маман жазғы уақытта тіпті балаларға SPF крем жағу қажеттігін ескертті.

«Ультра күлгін сәулелерден әсіресе, балалар мен өңі ақшыл, аққұба адамдар көп қорғануы керек. Сол сияқты денесінде меңі көп адамдар да күннен сақтануы тиіс. Одан бөлек, далада көп жұмыс істейтін жандар, мысалы құрылысшылар, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін азаматтарға да күннен қорғануға кеңес беріледі», — деді ол.

Маман жазда демалушыларға да күннің ультра күлгін сәулелерінен сақ болуға шақырды. Айтуынша, ыстықта күнде көп жүру адам терісінен бөлек, ағзаға да теріс әсер етуі мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін ДСМ мамандары ыстықта салқындатылған кофе мен энергетикалық сусындарды ішудің зияны туралы түсіндірген еді.

Оқу үшін