Фирмалық қалам, блокнот, күнтізбе: Дәрігер өз кабинетінде дәрі жарнамалауға құқылы ма

Коллаж: NoFake.kz
Мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда дәрігерлер жұмыс кабинетінде дәрі-дәрмекке жарнама жасай ала ма, бұл заңды ма? NoFake.kz анықтап көрді.
Емханаға барғанда дәрігердің үстелінде белгілі бір дәрінің логотипі бар қалам немесе блокнот жатқанын, ал қабырғада препараттың баннері тұрғанын жиі көреміз. Дәрігер фирмалық қаламмен сол фирманың қымбат дәрісін жазып беруі де мүмкін. Бұл қаншалықты заңды және мұндайда пациент не істеуі керек? Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен тәжірибелі фармацевт маман жауап берді.
Мемлекеттік емханада дәрі-дәрмекке жарнама жасау – заңға қайшы
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 56-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен биологиялық белсенді тағамдық қоспаларды (ББҚ) оларды тағайындауға және беруге қатысы жоқ ұйымдарда, сондай-ақ қоғамдық көлікте жарнамалауға тыйым салынған. Ал дәрі-дәрмек жарнамасының негізті талаптары салалық министрдің арнайы бұйрығымен реттелген.
«ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-94 бұйрығымен Жарнама қағидаларына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер арасында таратылатын өнеркәсіптік өнімдерге (ручкалар, блокноттар, сөмкелер, медициналық халаттар, күнтізбелер, визитницалар, флешкалар және басқа да заттар) қолданылған логотип, саудалық немесе халықаралық патенттелмеген атаулар дәрілік жарнамаға жатады», — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің NoFake.kz редакциясына берген жауабында.
Яғни, 2022 жылдан бастап дәрілерді жарнамалауға тек арнайы медициналық және фармацевтикалық конференцияларда, конгрестерде, симпозиумдарда және медицина мамандарына арналған мамандандырылған басылымдарда ғана рұқсат етілген. Министр бұйрығының «медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге арасында таратылатын фирмалық өнімдер, қалам, блокнот, сөмке, медициналық халат, күнтізбе, флешкаларда қолданылған логотип саудалық және халықаралық атауы патенттелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасына жатпайды» деген бөлігі алып тасталған.
Демек, дәрігер кабинетінде белгілі бір дәрінің аты жазылған қалам, блокнот немесе постердің тұруы – бұл заң бұзушылық. Пациент қабылдайтын кабинетте нұсқаулық, оқу-әдістемелік материалдар ғана болуы тиіс.
Біз елордалық мемлекеттік емханалардың біріне бардық. Емхана дәлізінде жалпы денсаулық сақтауға, скринингтен дер кезінде өтуге қатысты ақпарат жарияланса, дәрігерлер кабинетіндегі жұмыс үстелінен бірнеше жарнамалық күнтізбені көрдік.

Дәрігер қымбат дәрі жазып берсе не істеу керек?
Егер дәрігер қолындағы қаламдағы коммерциялық атаумен аттас қымбат дәрі жазып берсе, асығыс шешім қабылдамаңыз. Тәжірибелі фармацевт, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Айсұлу Ахимова мұндайда пациенттің өз құқығын білгені маңызды екенін айтты.
«Біріншіден, пациент дәрігерден дәрінің брендтік (саудалық) атауын емес, Халықаралық патенттелмеген атауын (ХПА / МНН), яғни негізгі әсер етуші белсенді затын жазып беруді талап етуге толық құқылы. Заң бойынша дәрігер рецептке белгілі бір фирманың коммерциялық атауын емес, дәрінің химиялық негізін жазуы тиіс. Егер сізге белгілі бір қымбат бренд таңылса, «Мұнымен әсері бірдей арзанырақ аналогы бар ма?» деп дәрігердің өзінен де, дәріханадан да бірден сұраудан тартынбаңыз», — дейді маман.
Қымбат дәрінің арзан аналогын (дженеригін) қалай табуға болады?
Нарықта қымбат брендтік дәрімен әсері бірдей, бірақ бағасы әлдеқайда арзан басқа өндіруші болуы мүмкін. Өйткені жарнама арқылы танылған импорттық препараттың құнына оны өзге елден жеткізу, кедендік салық, т.б. төлемдер кіреді. Фармацевт тиімді баламаны табудың бірнеше жолын ұсынады.
«Дәрінің арзан аналогын іздеудің ең сенімді жолы – оның белсенді затын (ХПА) білу. Брендтік дәрінің қорабында немесе нұсқаулығында кішкентай әріптермен жазылған негізгі затты қараңыз. Дәріханаға келгенде фармацевтке брендтің атын айтпай-ақ: «Маған мына белсенді заты бар, қолжетімді бағадағы аналогын беріңізші» десеңіз жеткілікті», — дейді фармацевт.
Маман дәрі аналогын табудың тағы бір жолын көрсетті.
Екінші жолы — дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының (Dari.kz) ресми базасы мен мобильді қосымшаларын пайдалану. Онда елде тіркелген барлық дәрілердің тиімділігі тексерілген баламалары мен бекітілген шекті бағалары көрсетіледі. Бірақ аналогты таңдағанда тек бағасына емес, өндіруші зауыттың сапа стандартына (GMP) да көңіл бөлген абзал»,- дейді Айсұлу Ахимова .
Түйін
Сонымен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-94 бұйрығымен емханада брендтік дәрі-дәрмектерді жарнамалауға тыйым салынады. Мемлекеттік және жеке меншік емханаларда дәрігерлерге фирмалық қалам, блокнот, постер арқылы дәріні насихаттауға болмайды. Ал дәрігер кабинетінде, дәріханада дәрі құрамындағы негізгі әсер ететін заттарды және оның қолжетімді аналогын сұрау — сіздің заңды құқығыңыз.


