NoFake

«ЖИ-ді кибершабуыл, дипфейк пен цифрлық алаяқтықтан қорғауымыз керек» — Президент

Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын әзірлеуді, сондай-ақ ЖИ-ді кибершабуыл, дипфейк және цифрлық алаяқтық мақсатында пайдалануға қарсы бірлескен шаралар қабылдауды ұсынды.

Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарын Шанхай қаласында өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда айтты. Президент трансұлттық цифрлық инфрақұрылым құру және ЖИ саласындағы ұлттық саясатты өзара үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында цифрлық сауданы дамытуға бағытталған жаңа жобаны іске қосуды ұсынды.

«Біз «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру», – деді Президент.

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні өңдеу және тау-кен өнеркәсібіне, энергетикаға, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтау мен су ресурстарын басқаруға қауіпсіз әрі кеңінен енгізу қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЖИ-ді реттейтін ұлттық заңдар мен саясатты үйлестіруді, жүйелерді сынау және сертификаттаудың ортақ стандарттарын әзірлеуді ұсынды.

«Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент келесі жылды Қазақстан мен Қытайда Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынды.

ЖИ дамуы әскери бәсекеге айналмауы керек

Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері қоғамның оны түсіну, бағалау және реттеу қабілетінен әлдеқайда жылдам дамып келеді. Сондықтан бұл технология өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуге тиіс.

Осыған байланысты Тоқаев ЖИ стандарттары мен этикасын талқылайтын тұрақты халықаралық сарапшылық платформа құруға шақырды.

«Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек», – деді Президент.

Қазақстан сондай-ақ Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік жүйесін құруды ұсынды. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллект әлеуетін бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және экономикалық өркендеу мақсатында пайдалануға ниетті барлық елмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.

Оқу үшін