NoFake

АШМ Қостанай облысында аусыл жасырылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Depositphotos

Отандық БАҚ-тың бірінде Қостанай облысында аусыл ауруы жасырылып жатқаны туралы материал жарияланды. Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін NoFake.kz редакциясы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауалмен жүгінді.

Ведомство Әулиекөл ауданында енгізілген шектеулер аусылға емес, жоспарлы зерттеу барысында анықталған бруцеллезге байланысты қабылданғанын мәлімдеді.

«Әулиекөл ауданының жекелеген елді мекендерінде енгізілген шектеу шаралары жоспарлы диагностикалық зерттеулер барысында бруцеллез ауруының анықталуына ғана байланысты. Олар Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасының талаптарына сәйкес қатаң түрде жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 18 маусымда Әулиекөл ауданының Қазанбасы ауылында ірі қара малдан алынған биоматериалды ПТР әдісімен зерттеу нәтижесінде бруцеллез диагнозы расталған. Осы қорытындының негізінде ауылдық округ әкімінің шешімімен Қазанбасы және Октябрьское ауылдарында шектеу шаралары енгізілген. Инфекция ошағын оқшаулау және жою жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, сауықтыру жұмыстары «Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ» РММ-нің Қостанай филиалына жүктелген.

«Аталған шектеулер жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын оқшаулау және жою кезінде қолданылатын стандартты ветеринариялық-санитариялық шаралар болып табылады және басқа қандай да бір аурулардың бар екенін білдірмейді», – делінген министрлік жауабында.

Ведомство бруцеллезге байланысты шектеу енгізілген аумақта жануарларды тасымалдауға, әкелуге және әкетуге, шөп, сабан және басқа да ірі мал азығын шығаруға, сондай-ақ жануарлар мен адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынатынын түсіндірді. Бұған дейін Ғайса Абсатиров facebook желісінде мұндай шектеулер аусылға тән екенін айтып, билік экспорттық нарықтарға қатысты тәуекелден қорқып, ауруды бруцеллез ретінде көрсетуі мүмкін деген пікір білдірген еді.

Түйін

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды.Қазіргі таңда Қостанай облысында аусыл ауруының жасырылып жатқаны туралы мәлімдемелер ресми түрде расталған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі Әулиекөл ауданындағы шектеулердің бруцеллезге байланысты енгізілгенін мәлімдеп, өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты бақылауда екенін хабарлады.

Оқу үшін