АҚШ Қазақстанның Иранда жалға алған портын қиратты — фейк

Фото: pixabay.com
Отандық БАҚ беттерінде АҚШ-тың әуе соққысынан Қазақстан жалға алған Ирандағы порт қирады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Сонымен бірге әлеуметтік желілерде АҚШ-тың әуе шабуылдары Иранның Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портына тигені туралы ақпарат тараған болатын. Дәл осы порт аумағында Қазақстан өзіне тиесілі көлік-логистикалық терминал салуды жоспарлап отыр деген мәлімет жарияланған еді.
Десе де, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» АҚ Қазақстан жалға алған порттың зардап шекпегенін, аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
«Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында «АҚШ-тың әуе соққысы Қазақстан жуырда жалға алған портты қиратты» деген тақырыппен жарияланымдар шықты. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан жалға алған аумақта ешқандай әуе соққысы болған жоқ», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2026 жылғы 8 шілдеге қараған түні АҚШ Иранның әскери нысандарына бірқатар әуе соққыларын жасады. Ал Тегеран бұл әрекеттерді бұған дейін қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімдерді бұзу деп бағалаған болатын.


