NoFake

Әнші мен блогердің партия тізімінде жүруі заңға қайшы ма — Талдау

Коллаж: Nofake.kz

Қазақстанда сайлауалды науқан қыза түсті. Елімізде бірнеше партия өз үміткерлерін Құрылтайға ұсынды. Мәселен, Respublika партиясы тізімінде ИК тобының мүшесі Марклен атты әнші болса, ҚХП атынан Құрылтайда Аша Матай, Тамара Асар сынды әншілер енген. Партия тізіміне танымал әнші, спортшы, блогерлерді тарту қаншалықты орынды? Nofake.kz саясаттанушыдан біліп көрді.

Қоғам талқысы

Танымал тұлғалардың партия тізіміне енуі, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан екі-үш күн болды қызу талқыға түсіп жатыр. Олардың бірі мұндай елге белгілі өнер адамдарының Құрылтайға үміткерлер тізіміне енуі қаншалықты заңды десе, енді бірі танымал адамдарға ерген мыңдаған аудитория барын еске салған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Партиялар танымал тұлғаларды не үшін тартады?

Танымал тұлғаларды саяси науқанға тарту – көптеген елде қалыптасқан тәжірибе. Мұндайда саяси науқанда — «endorsement» деп атайды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тұлғалар сайлаушылардың саясатқа қызығушылығын арттырып, партияның немесе кандидаттың аудиториясын кеңейтуге ықпал етеді.

Мысалы, АҚШ-та президенттік сайлау кезінде танымал адамдардың қолдауы саяси науқанның маңызды бөлігі саналады. 2024 жылғы сайлауда кәсіпкер Илон Маск республикалық кандидат Дональд Трампты ашық қолдайтынын мәлімдеді. Ал демократтардың кандидаты Камала Харрис әнші Тейлор Свифт, тележүргізуші Опра Уинфри, әнші Бейонсе және басқа да көптеген танымал тұлғалардың қолдауына ие болды.

Бұл тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, 2008 жылғы АҚШ президенттік сайлауында Опра Уинфридің Барак Обаманы қолдауы сайлаушылардың белсенділігіне оң әсер еткені жөнінде бірқатар зерттеулер жарияланған. Кейбір бағалаулар бойынша, оның қолдауы Обамаға миллионнан астам қосымша дауыс әкелуі мүмкін болған.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қолдау танымал тұлғаның міндетті түрде саясаткерге айналатынын білдірмейді. Керісінше, оның қоғамдық беделі мен аудиториясының сенімі белгілі бір партияға немесе кандидатқа деген қызығушылықты арттыру құралы ретінде пайдаланылады. Сондықтан әлемдік тәжірибеде әртістердің, спортшылардың, блогерлердің немесе қоғам қайраткерлерінің саяси партияларды немесе кандидаттарды қолдауы қалыпты саяси коммуникация тетіктерінің бірі саналады.

Қазақстан заңнамасы не дейді?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев ҚР «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, елімізде әнші, блогер, спортшылар сынды елге танымал тұлғалардың партия тізіміне еніп, Құрылтайға үміткер болуына ешқандай шектеу қойылмағанан атап өтті. Оның сөзінше, егер азаматтар Конституциялық заңда көзделген негізгі талаптарға сай болса, кез келген медиа тұлға, блогер, сарапшы немесе өнер иесі саяси партияға мүше бола алады.

«Яғни, бұл жерде үміткерлерге заңда көрсетілген талаптар ғана қолданылады. Мысалы, олар Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек немесе үміткерлердің жасы ескерілуі тиіс. Бұл талаптардың барлығы заңда белгіленген шарттар. Ал, кандидаттың мамандығына немесе кәсібіне байланысты ешқандай шектеу жоқ», — деді ол.

Саясаттанушы мұндай тұлғаларды партия қатарына тарту – қалыпты тәжірибе екенін жеткізді. Оның пікірінше, партиялар танымал тұлғаларды блогер немесе әртіс болғаны үшін емес, олардың медиалық ықпалы үшін партия қызметіне тартады.

«Танымал адамдар өз аудиториясына әсер ете алады және саясатқа аса қызығушылық танытпайтын сайлаушыларға партияның ұстанымын жеткізуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, сайлаушылардың басым бөлігін саясаттан хабары жоқ адамдар тұрады. Олардың қатарында ауыл тұрғындары, өндіріс орындарының жұмысшылары, көпбалалы аналар және басқа да әлеуметтік топтар бар. Олар журналистер немесе саясаттанушылар сияқты саяси күн тәртібін тұрақты қадағаламайды», — деді ол.

Барлық кандидат депутат бола ма?

Ғазиз Әбішев халық сенім артатын медиа тұлғаның белгілі бір партияны қолдауы сайлаушылар үшін сол партияның сенімді әрі тартымды екенінің белгісі ретінде қабылдануы мүмкін екенін ескертті. Ол бұл үрдіске – қалыпты саяси технология деген баға берді.

«Бұл әртіс немесе блогер міндетті түрде Парламент депутаты болады дегенді білдірмейді. Партиялық тізімге ену арқылы ол, ең алдымен, сол партияға өз сенімін білдіреді. Ал оның аудиториясы сол тұлғаға деген сенімінің белгілі бір бөлігін партияға да аударады. Яғни, мұндай адам сайлаушылар үшін өзіндік сенім индикаторы қызметін атқарады», — деді сарапшы.

Саясаттанушы сондай-ақ, партиялық тізім бойынша сайлау өтетін елдерде тізімдегі кандидаттардың барлығы бірдей депутат атанбайтын да жеткізді.

«Көппартиялы жүйеде арифметикалық тұрғыдан олардың едәуір бөлігі мандат ала алмайды. Сондықтан партиялар мұндай тізімдерге қоғамда беделі жоғары, халық сенетін тұлғаларды енгізеді. Өйткені жұртшылық құрметтейтін ақсақал немесе танымал қоғам қайраткері өзінің беделі мен халық сенімін ұлттық мүддеге қайшы келетін немесе әлсіз партияға оңайлықпен байланыстырмайды. Сондықтан мұндай тәсіл саяси технология ретінде өзін толық ақтайды», — деді ол.

Түйін

Әлеуметтік желілерде партиялық тізімге танымал тұлғалардың енгізілуі жиі талқыланғанымен, мұндай қадам Қазақстан заңнамасына қайшы келмейді. Сарапшылардың пікірінше, кандидаттарға қойылатын талаптар олардың мамандығына немесе танымалдығына емес, заңда белгіленген критерийлерге негізделеді. Саясаттанушылар мұны әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын саяси коммуникация тәсілдерінің бірі деп бағалайды.

Оқу үшін