Бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем: кімдерге, қалай тағайындалады

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар жұмысқа шыққан уақытта, әлеуметтік төлемінен айырылады деген қауесет тарады. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
«Желіде бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар жұмысқа шыққан уақытта ай сайын түсетін жәрдемақысынан айырылуы мүмкін бе?» деген сауал көп талқыланған.

ҚР «Әлеуметтік кодексінде» не айтылған?
Nofake.kz мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін, алдымен «ҚР Әлеуметтік кодексін» зерттеп көрді. Оған сәйкес:
80-бап — «Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы алу құқығы».
81-бап — «Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшерлері».
82-бап — «Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны тағайындау тәртібі» белгіленген.
Енді, осы тұстан бастап жәрдемақының кімге, қалай тағайындалатынына көшсек.
Жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға жәрдемақы қалай тағайындалады?
Қазақстанда бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер 2 түрлі санаттағы аналарға тағайындалады.
Біріншісі. Бала күтімі бойынша демалысқа тұрақты жұмыс орнынан шыққан аналар.
Екіншісі. Бала күтімі демалысына жұмыс істемей шыққан аналар.
Бірінші санаттаға аналарға – бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен» АҚ тағайындалады. Мұндай жәрдемақыны тағайындау барысында жұмыс істейтін ананың соңғы 24 айдағы әлеуметтік жарналары ескеріліп, орташа айлықтың 40%-ы көлеміндегі жәрдемақы белгіленеді.
Екінші санаттағы аналарға – бала күтімі бойынша жәрдемақы республикалық бюджет есебінен тағайындалады.
Осылайша жұмыс істемеген аналарға 2026 жылғы жәрдемақы мөлшері:
• бірінші балаға – айына 24 912 теңге;
• екінші балаға – айына 29 448 теңге;
• үшінші балаға – айына 33 990 теңге;
• төртінші және одан кейінгі балаларға – айына 38 524 теңгені құрады.
Бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар жұмысқа шыққанда жәрдемақы қиыла ма?
Енді осы мақаланы жазуға себеп болған басты мәселеге келсек. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, «егер екі санаттағы аналар жұмысқа шыққан уақытта әлеуметтік төлемінен қиылуы мүмкін» деген ақпараттың рас-өтірігін білу үшін, ҚР Халықты әлеуметтік қорғау және еңбек министрлігіне хабарластық.
«Бұл жерде аналардың бала күтімі бойынша алатын төлемінің екі бөлек жерден қаржыландырылатынын ескеру керек. Яғни, жұмыс істейтін аналардың әлеуметтік төлемі «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан» белгіленетіндіктен, жұмысқа шыққаннан кейін аналар 10 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына хабарлауы тиіс. Тағы бір ескеретін маңызды мәселе – аналар жұмысқа шыққан күннің өзінде олардың жәрдемақысы емес, зейнетақы мен МӘМС-ке аударылатын жарналар ғана тоқтайды. Себебі, ол жұмыс беруші есебінен аударылып отырады», — деді мамандар.
Еңбек министрлігі, сонымен бірге жұмыс істейтін аналар не себепті бала 1,5 жасқа толмай тұрып, жұмысқа шыққан кезде, «Азаматтарға арналған үкіметке» ескерту керектігін де түсіндірді.
«Себебі, аты айтып тұрғандай мұндай әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін – 2 негізгі фактор қажет. Бірі – сәби дүниеге келіп, оны күту болса, екіншісі – табыстың жоғалуына байланысты тағайындалатын төлем. Ал, аналар жұмысқа шықса онда олар автоматты түрде табыстың жоғалуы талабынан айырылады, сондықтан құзырлы мекемені ескертуі тиіс», — деді мамандар.
Ведомство сондай-ақ, жұмыс істемеген аналардың бала күтімі бойынша түсірілетін жәрдемақысына қатысты да түсініктеме берді.
«Ал, тұрақты жұмыс орны болмай, бала күтімі бойынша жәрдемақы алатын аналар да еш өзгеріс болмайды. Олар бала 1,5 жасқа толғанға дейін жұмысқа шыққан күннің өзінде тұрақты түрде 18 ай бойы жәрдемақысын алып отырады. Себебі ол – республикалық бюджет есебінен аударылады», — деді мамандар.
Сонымен, әлеуметтік желіде тараған «жұмысқа шықса, бала күтімі бойынша жәрдемақы тоқтайды» деген ақпарат — шындыққа сәйкес келмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін сақталады. Жұмысқа шығу бұл жәрдемақыны автоматты түрде тоқтатпайды, тек кейбір әлеуметтік аударымдарға ғана әсер етуі мүмкін.
Яғни, аналар жәрдемақыдан айырылмайды — ақпарат расталмады.


