NoFake

Курьер аналар бала күтімі бойынша алатын жәрдемақыдан қиылуы мүмкін бе

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде курьер аналардың бала күтімі бойынша алатын жәрдемақысы қиылатыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz аталған мәліметтің қаншалықты рас екенін анықтап көрді.

Отандық танымал пабликтердің бірінде «Курьер болып жұмыс істейтін аналар бала күтімі бойынша жәрдемақыдан қиылуы мүмкін» деген тақырыппен пост жарияланды.

Скиншот: әлеуметтік желіден

Десе де, Қазақстанда тек курьер болып жұмыс істейтін аналар ғана емес, жалпы баласы 1,5 жасқа толмай тұрып, жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысында өзгерістер болатынын ескерген жөн.

Сол себепті, мәселенің мән-жайын анықтау үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарластық. Ведомство мәліметінше, министрлікке қарасты «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен» АҚ 1,5 жасқа толмаған баласы бар аналарға, табысынан айырылғаны және бала күтімі үшін әлеуметтік төлем қарастырылған.

«Төлемді Қордан тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексімен және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №248 бұйрығымен бекітілген қағидалар бойынша айқындалған. Кодекске сәйкес, әлеуметтік тәуекел – бұл бала 1,5 жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты табыстан айырылуға әкеп соғатын оқиға», — делінген хабарламада.

Оған сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы аналар аталған төлемді алуға құқылы болады.

«Бұл жерде мұндай төлемді алуға арналған негізгі шартқа – әлеуметтік тәуекелдің орын алуы, яғни табыстан айырылу және балаға күтім жасау болып отыр. Тағы бір ескеретін жайт — табыстан айырылу фактісі төлем төленетін бүкіл кезең бойы, яғни 18 ай ішінде сақталуы тиіс. Осыған байланысты, егер аналар төлем алу кезеңінде жұмысқа шықса, онда төлем алушыда табыстан айырылу фактісі болмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, төлем алу шартының бірі бұзылады», — делінген министрлік хабарламасында.

Минитрлік Кодекске сәйкес, аналар жұмысқа шыққаннан кейінгі 10 жұмыс күнінің ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне бұл туралы хабарлауға екенін түсіндірді.

Түйін

Сонымен, әлеуметтік желіде тараған «курьер болып жұмыс істейтін аналар бала күтімі бойынша төлемнен айырылады» деген ақпарат толық емес әрі манипуляциялық сипатқа ие.

Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік төлемнен тек курьер аналар емес, бала күтіміне байланысты табысынан айырылу бойынша төлем алып жүрген кез келген ана ресми түрде жұмысқа шыққан жағдайда айырылуы мүмкін. Себебі бұл төлемнің негізгі шарты – табыстан айырылу фактісінің сақталуы.

Яғни мәселе нақты курьерлік қызметте емес, төлем алып отырған кезеңде еңбек қызметін жүзеге асыру фактісіне байланысты. Сондықтан жарияланымда тек курьер аналарды бөліп көрсету оқырмандарда бұл талап тек осы санаттағы азаматтарға қатысты деген қате түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Осылайша, «курьер аналар жәрдемақыдан айырылады» деген тұжырым шындықты сәйкес келмейді және контекстен тыс берілгендіктен манипулятивті сипатқа ие.

Оқу үшін