NoFake

Адам кондиционерден пневмония жұқтыруы мүмкін бе — Бас пульмонолог жауабы

Коллаж: NoFake.kz

Жаз шықса болды, айналамыздан «кондиционерді өшір, суық тиеді», «мұздай су ішпе, тамағың ісіп кетеді» немесе «балмұздақ жеме, бронхит боласың» деген сөздерді жиі естиміз. Шынымен де солай ма?

NoFake.kz Астана медицина университетінің Тыныс алу жүйесі медицинасы ғылыми-зерттеу институты директоры, м.ғ.д., ҚР ДСМ Штаттан тыс бас пульмонологы Наталья Латыповадан сұрадық.

Суықтан адам ауырмайды: Негізгі миф

Штаттан тыс Бас пульмонологтың айтуынша, суықтан адам тұмау немесе бронхитке шалдықпайды.

«Инфекция мен төмен температура арасында тікелей байланыс жоқ. Қорғаныс қабілеті жақсы, суыққа үйренген және т.б. дені сау адамда бұл мүлдем байқалмай өтеді», — дейді дәрігер.

Яғни, егер сіздің иммунитетіңіз мықты болса, ағзаңыз суыққа үйренген болса, сіз мұздай су ішсеңіз де, кондиционердің астында отырсаңыз да ештеңе болмайды. Ауруды тудыратын суық емес – вирус пен бактериялар.

Сонда неге тоңғаннан кейін ауырып қаламыз?

«Жақсы, тікелей байланыс жоқ екен, бірақ неге суықта қалсам, ертеңіне мұрнымнан су ағады?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Мұны дәрігер біздің ағзамыздың өте қызық қорғаныс механизмімен байланыстырады.

Өкпеміз бен бронхтарымыздың ішінде “жыпылықтағыш эпителий” деген арнайы жасуша бар. Олардың үстінде микроскопиялық кірпікшелер болады. Бұл кірпікшелер тоқтаусыз қозғалып, бронхтардағы шырышты (микробтар мен шаң жиналатын сұйықтықты) жоғары қарай айдап отырады. Дәрігер олардың бейне бір метроның эскалаторы сияқты жұмыс істейтінін айтады. “Кірпікшелер” шырышты жоғары шығарады, біз оны ауыз қуысында байқаусызда жұтып қоямыз, осылайша өкпеміз үнемі тазарып отырады.

Ал енді суық тигендегі үрдісті дәрігер дәл осы кірпікшелер тербелісінің баяулауына қатысты дейді.

«Шын мәнінде суық ауа осы кірпікшелерді “қатырып”тастауы мүмкін. Суықта, төмен температурада осы кірпікшелер қимылдамай қалуы мүмкін. Олар өздерінің тербеліс жиілігін баяулатуы мүмкін, түсінесіз бе? Және қан тамырларының тарылуы мүмкін, мысалы, қандай да бір жергілікті реакция дренажды біршама нашарлатуы мүмкін», — дейді Бас пульмонолог Наталья Латыпова.

Яғни, сіз мұздай ауамен дем алғанда, әлгі «эскалатор» уақытша тоқтап қалады. Кірпікшелер сал болып, қозғалуын бәсеңдетеді, қан тамырлары тарылады. Осы кезде өкпенің қорғанысы әлсірейді. Егер сіздің ағзаңызда бұрыннан келе жатқан немесе жаңадан жұққан вирус болса, ол осы сәтті пайдаланып, бірден бас көтереді.

«Егер ағзада инфекцияның дамуына алғышарттар болса, суық тию – сол инфекцияның шынымен іске асып, көрінуіне қосымша факторға айналуы мүмкін. Шын мәнінде, суық ағзаның бұрыннан қалыпсыз күйінің катализаторы ретінде әрекет етеді. Мысалы, егер пациент қандай да бір инфекция тасымалдаушысы болса немесе жұқпалы аурумен ауыратындардың ортасында болса, оның ағзасы белгілі бір сәтке дейін төтеп бере алады, ал қатты тоңған кезде сол қорғаныс „сынып кетеді“ десек болады», — деп түсіндірді маман.

Демек, суық ауа — қылмыскер емес, ол тек вирустың ішке кіруіне «есікті ашып беретін» көмекші ғана.

Кондиционер және пневмония: Шын мәнінде неден қорқу керек?

«Кондиционердің астында отырып, өкпемді қабындырып алдым, пневмония болдым» дегенді де жиі естиміз. Бұл жерде де кінәлі суық ауа ағыны емес. Пневмония – бұл таза инфекциялық ауру. Бірақ кондиционерден пневмония жұқтыру әбден мүмкін. Қалай дейсіз ғой? Наталья Александровна бұл қауіптің сырын ашты.

«Кәдімгі кондиционерден— егер ол кондиционердің өзінде инфекция болса, егер ол тазаланбаса, сүзгілері бітеліп қалса, пневмонияны жұқтырасың. Тіпті кондиционерлердің арнайы инфекциялары болады. Бұл — легионелла, бұл — саңырауқұлақтардың бірқатар түрлері, аспергиллалар. Жабық кеңістікте, тек кондиционер бар жерде адам сол тазаланбаған құрылғының астында 8 сағат өткізсе, бұл басқа әңгіме», — дейді маман.

Яғни егер кондиционер ұзақ уақыт тазаланбаса, оның ішіндегі ылғал мен жылы жерде легионелла деген қауіпті бактерия мен аспергилла деген зең саңырауқұлақтары көбейеді. Сіз оны қосқанда, осы микробтар бөлмеге ұшады. Сіз жабық бөлмеде отырып, 8 сағат бойы осы лас ауамен дем алсаңыз — міне, пневмонияның нақ өзі осыдан шығады. Яғни, кондиционердің суық ауасынан емес, оның іші лас болғанынан инфекциялық ауруға шалдығуға болады.

Жазда жиі ауыратындар не істеу керек?

Егер сіз кез келген желден немесе балмұздақ жегеннен кейін тамағыңыз ауырып, сырқаттанып қалатын болсаңыз, бұл – сіздің ағзаңыздың қорғаныс резервінің таусылғанының белгісі. Дәрігердің бұған берер кеңесі нақты.

«Егер бұл жүйелі түрде қайталанса және пациент кез келген желдің өтінен, кез келген желінген балмұздақтан қорықса, онда оның қорғаныс резервтерінің төмендегені туралы ойлануға негіз бар, әрине. Бұл жерде тазарудың, шынығудың қосымша механизмдерін іске қосу керек. Бұның бәрін қалпына келтіруге болады», — деп қорытты дәрігер Латыпова.

Яғни жазда балмұздақтан да, кондиционерден де қашудың қажеті жоқ. Тек екі қарапайым ережені сақтаңыз:

  1. Үйдегі және кеңседегі кондиционердің сүзгісін уақытылы тазалатып тұрыңыз, ішінде микроб пен зең қаптап кетпесін.
  2. Ағзаңызды шынықтырыңыз. Сәл салқынға «сынып кетпейтіндей» иммунитетті нығайту керек.

Бізді ауыртатын салқын ауа емес, төмен иммунитет пен айналадағы көрінбейтін вирустар.

Оқу үшін