NoFake

Алматыдағы «Саяхат» аялдама кешенінің құрылысына 1,6 млрд теңге жұмсалғаны рас па

Фото: Алматы әкімдігі

Желіде Алматыдағы «Саяхат» аялдама кешенінің құрылысына 1,6 млрд теңге қаражат кеткені туралы ақпарат тарады. Шынымен де солай ма, Nofake.kz анықтап көрді.

Әлеуметтік желі қолданушысы Алматыдағы «Саяхат» аялдама кешенінің құнына күмәнданып, мынадай жазба жариялады.

Скриншот: Nofake.kz

Ресми деректерге сүйенсек, аталған жоба 2025 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда, соңғы мәліметтерге сәйкес, енді көлік-тасымалдау кешенінің құрылысы маусымның соңына дейін жалғасады.

Жұртты аялдама қашан пайдалануға беріледі деген сұрақпен бірге, оған кеткен мемлекеттік шығынның көлемі де қызықтырып отыр.

Осыған орай, Nofake.kz «аялдамаға расымен 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат кетті ме?» деген мәселені зерттеп көрді. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алулар сайтына кіріп, жобаға кеткен соманы анықтадық.

Кешенге ҚҚС-ын қоса есептегенде, келісімшарт бойынша расымен 1,8 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған, ал ҚҚС-сыз 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат кетеді деп жазылған. Сайт мәліметтеріне сәйкес, бүгінде игерілген қаражат көлемі — 814 млн теңгеден асады.

Cкриншот: www.goszakup.gov.kz

Жобаға бөлінген нақты қаражат сомасын білу мақсатында қала әкімдігінің баспасөз қызметіне де хабарласып көрдік. Әкімдіктің баспасөз қызметі алдымен жоба бойынша қанша аялдама салыну керектігін түсіндірді.

«Жоба аясында 3 павильон салу көзделген: «Қонаев көшесі» аялдамасы (Райымбек даңғылының батыс бағыты бойынша), «Пушкин көшесі» аялдамасы (Райымбек даңғылының шығыс бағыты бойынша) және «Саяхат» автовокзалы аялдамасы (Сүйінбай даңғылы бойында). Жолаушылардың жайлы әрі қауіпсіз күтуін қамтамасыз ету мақсатында әр аялдамада ұзындығы шамамен 50 метр болатын шатыр орнатылған. Оның астында бір мезгілде 6 автобусқа дейін тоқтай алады», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әкімдік жобаға сәйкес инженерлік желілерді қайта орналастыру, іргетастарды орнату, металл конструкциялар мен шатырларды монтаждау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.

«Ал халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған пандустар салынып, іргелес аумаққа тас төсемдер төселді. Мердігер ұйым — «Golden City DS» ЖШС. Жобаның қазіргі құны – 1,3 млрд теңге. Мұндай сомаға жалпы қаржыны үнемдеу және 1 павильонды қысқарту нәтижесінде қол жеткізіліп отыр», — делінген хабарламада.

Сонымен, Алматыдағы ірі көлік-тасымалдау кешені — «Саяхат» аялдама кешенінің құрылысына 1,6 млрд тг бөлінгені рас. Көпшілік енді аялдама құрылысының аяқталуын әрі қашан пайдалануға берілетінін асыға күтіп отыр. Nofake.kz аталған мәселені назарда ұстайды.

Оқу үшін