Threads-тегі жұмыс: алаяқтар азаматтарды дропперлікке қалай тартады

Коллаж: ЖИ
Threads әлеуметтік желісінде Ақнұр есімді қолданушы қашықтан жұмыс ұсынған күмәнді схема туралы жазып көпшілікке ескерту жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бойжеткеннің айтуынша, ол желіден онлайн жұмыс туралы хабарландыру көріп, «жұмыс берушіге» хабарласқан. Алайда, оның қойған шарттары мен жауаптары бірден күмән тудырған.
Телефонның арғы жағындағы адам өзіннің көкөністер бизнесімен айналысатынын айтқан. Әйелі екеуінің лимиті таусылып қалғандықтан, Хоум кредит банк пен Фридом банктен жалға карта іздейтінін, әр банк картасы үшін күніне 15 мың және сатылымнан пайыз төлейтінін жазған. Сондай-ақ, ол шоттың бұғатталған-бұғатталмағанын бірден білуге тырысқан. Мұндай күмәнді ұсыныстан бойжеткен бірден бас тартқан.

«Абайлаңыздар, менің білуімше бұл дропперлік. 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Екінші бір жайтта Ип аштырып, ақша айналдырып, соңында налогын төлемей кетулері мүмкін», — деп жазады бойжеткен.
Бұл жазба желіде үлкен талқылау тудырды. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі мұндай алаяқтық тәсілін бірден танып, адамдарды сақ болуға шақырған.

Тіпті дәл осы адамның жарнамасын наурыз айында көріп, хабарласқан қолданушы да өз оқиғасымен бөлісіп, әңгімелесудің скриншотын жариялаған.

Полиция не дейді?
Аталған фактіге байланысты ресми ақпарат пен азаматтардың қауіпсіздік шараларын білу үшін Астана қаласы ПД Есіл ауданы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімше бастығы, полиция майоры Бағдаулет Оспанбаевқа хабарластық.
Полиция өкілі қазіргі таңда интернет-алаяқтардың жиі қолданатын айла-амалдары мен оның заңдық салдары туралы баяндап берді.
«Алаяқтардың қарапайым азаматтарды онлайн табыс, қашықтан жұмыс істеу желеуімен дроперлік алаяқтық схемаларға қалай тартатынына мыналар мысал бола алады: қаскөйлер аңғал азаматтардың карталарын қолға түсіреді, содан кейін олардың карталары арқылы зардап шегушілердің ақшалай қаражатын қолды етеді», — дейді майор Оспанбаев.
Сонымен қатар, полиция өкілі бұрын мұндай әрекеттер үшін жаза қолдану қиын болса, енді заңнаманың айтарлықтай қатайтылғанын ескертті.
«2026 жылғы 16 қыркүйектен бастап ҚР Қылмыстық кодексіне 232-1-бап («Дроперлік») енгізілді.
232-1-бап. Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қол жеткізуді заңсыз ұсыну, беру және иемдену, сондай-ақ заңсыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру.
Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге жаза қарастырылған. Заңды білмеу қылмыстық жауаптылықтан босатпайды», -деп ескертті тәртіп сақшысы.
Тәртіп сақшылары мен мамандар жеңіл әрі тез табыс табу туралы хабарландыруларға сенбеуді, ешқандай жағдайда бейтаныс адамдарға өзіңіздің банктік карталарыңызды, логин-парольдеріңізді бермеуді және өз атыңызға күмәнді фирмалар мен ЖК ашпауды қатаң ескертеді. Сәл ғана аңғалдық сізді қылмыстық схеманың сыбайласына айналдырып, темір тордан бір-ақ шығаруы мүмкін.


