Украинада халықаралық алаяқтық call-орталығының қызметі тоқтатылды — ІІМ

Фото: ҚР ІІМ
ҚР ІІМ Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылы аясында ауқымды халықаралық арнайы операция өткізгенін мәлімдеді, деп хабардайды Nofake.kz.
ҚР ІІМ мәлімдемесіне сәйкес, операция нәтижесінде Украинаның Одесса қаласында Қазақстан азаматтарына қатысты заңсыз әрекеттер жасаған ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылған. Нәтижесінде, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтық әрекеттерін жүйелі түрде жүзеге асырып келгені белгілі болды. Алдын ала мәліметтер бойынша қаскөйлердің құрбаны 120-дан астам адам болған, ал келтірілген жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асқан.
«Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін, қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін жымқырған», — деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Халықаралық арнайы операция аясында санкцияланған сегіз тінту жүргізіліп, нәтижесінде:
- екі элиталық автокөлік;
- 26 компьютер;
- 49 мобильді құрылғы;
- психологиялық ықпал ету бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер;
- Қазақстан Республикасының рәміздері тәркіленді.
Операция қорытындысы бойынша Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Тергеу олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеруде. Жүргізілген операция трансұлттық киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы тиімді халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болды», — делінген хабарламада.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағылық сақтауға шақырады. ҚР ІІМ Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейтінін тағы бір мәрте ескертеді.
Сондай-ақ, белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша бөгде қосымшаларды орнатпауға және растау кодтарын, құпиясөздерді немесе құрылғыға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.


