NoFake

Алаяқтар адамдарды қалай алдайды: психологиялық қысым әдісі

Фото: Freepik.com

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың адамдарға психологиялық қысым жасау әдістерін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Агенттік мәліметінше, адамдар көп жағдайда алаяқтарға төтеп беру қажеттігін білсе де, «қорықаннан» ақша аударады. Ведомство мәліметінше, дәл осындай жағдайға Алматы қаласының 38 жасар тұрғыны тап болып, «банктен» түскен  қоңыраудан кейін миллиондаған ақшасынан айырылған.

«Мұндай оқиғалар күн сайын болып тұрады. Және көп жағдайда оның себебі — техникалық бұзып кіру әрекеті емес, адамға психологиялық қысым көрсету және шебер жасалатын айла-шарғы. Алаяқтар адамды асықтырып,  «күдікті операциялармен» немесе «ақшаны есептен шығару қаупімен» қорқытады, ал стрестік жағдайда адам қырағылығын жоғалтады», — деп түсіндірген агенттік мамандары. 

Психологиялық қысым қашан және қалай жасалады?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай жағдайлар көбінесе қарапайым қоңыраудан басталатынын және алаяқтар ол үшін кеш мезгілін, адам шаршаған кезді таңдайтынын ескертті. Ведомство мәліметінше, экранға банк нөміріне ұқсас, кейде тіпті ресми нөмірмен сәйкес келетін нөмір шығады. Мысалы: «Сәлеметсіз бе, сізге хабарласып тұрған банктің қауіпсіздік қызметі. Қазір сізге кредит ресімдеу үшін әрекеттер жасалуда».

Құзырлы мекеме мұндай қоңыраудағы дауыс әдетте нық, сенімді дауыспен, асықпай айтылатынын жеткізді. Олар бұл ретте, сенімге кіру үшін алаяқтар алдымен аты мен тегін, ал кейде картаның соңғы сандарын немесе басқа да мән-жайларды атайды.

«Яғни, адамда қоңырау шынымен де банктен түсті деген сезім туады. Одан кейін жағдай ушыға бастайды. «Операцияны тоқтату үшін 10 минут бар», «Егер қазір ден қоймасаңыз, ақша есептен шығарылады» деген «үркіту» әрекеті басталады. Сосын «тез әрекет ету қажет» операциясы басталады. Яғни, алаяқтар адамға ойлауға немесе ақпаратты тексеруге мұрсат бермейді», — делінген агенттік түсіндірмесінде.

Олардың айтуынша, осы сәтте адамда қорқыныш пайда болып, ақшадан айырылу, қарызға бату, бірдеңенің алдын алуға үлгермеу сезімі туындайды.

«Асығыс кезде адам қырағылығын жоғалтады және не болып жатқанын толық түсінбей, нұсқау бойынша әрекет ете бастайды. Дәл осы кезеңде алаяқтар өз мақсаттарына технологиялардың есебінен емес, эмоцияның есебінен қол жеткізеді.
Барлығының осал тұсы осы», — дейді мамандар.

Демек, адам ақылмен емес, эмоцияның жетегінде кетіп әрекет ете бастайды. Ал, қорқыныш пен жедел әрекет ету сезімі қосылғанда сыни тұрғыдан ойлау төмендейді, дейді мамандар.

«Адам ақпаратты тексермейді, артық сұрақ қоймайды және жай ғана «жағдайды құтқару керек» деп ойлайды. Яғни, іс жүзінде алаяқтар, әдетте, адамдардың эмоцияға берілгіштігін ұтымды пайдаланып кетеді», — делінген ведомство хабарламасында.

Алаяқтардың адамдарды алдау тәсілдері қандай?

Қорқыту әдісі. «Ақшаңыз жоғалады», «сіздің атыңызға кредит рәсімделіп жатыр» деген сөздерді естіген адам бірден уайымдай бастайды. Сол кезде сабырмен ойланудың орнына, ақшасын немесе өзін «құтқаруға» асығады.

Асықтыру әдісі. «Қазір әрекет етіңіз», «сізде 10 минут қана бар», «уақыт жоқ» деген сөздер адамға жағдайды тексеруге мүмкіндік бермейді. Асығыс кезде қателесу оңай болады.

Сенімге кіру әдісі. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік бөлімі немесе ресми ұйым өкілі ретінде таныстырады. Адамдар мұндай сөздерге көбірек сеніп, алаяқтардың құрбаны болады.

Адамдар тұзаққа неге тез түзеді?

Адамдардың өздігінен кредит рәсімдеуі, алаяқтарға ақша аударуы немесе SMS кодтарды алаяқтарға айтуы «миға қонымсыз» әрекет болып көрінуі мүмкін. Бұл ретте олардың ең ұтымды тұсы — азаматтарға жоғарыда айтылғандай психологиялық қысым көрсетуі. Психологтар мұны «күйзеліс жағдайында ойлау өрісінің шектелуі» әсері деп атайды. Яғни, адамдар психологиялық қысым күйінде ақпаратты сабырмен талдауға және дұрыс шешім қабылдауға қабылетті болмайды.

Оқу үшін