Coca-Cola сусыны рак тудырмайды

Әлеуметтік желіде «бүгіннен бастап Coca-Cola сусыны ресми түрде рак ауруын шақырады» деген қауесет тарап жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желідегі видеода жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады деп көрсетілген.

Видеоны таратқан kuchkarovich атты парақша иесі екі жыл бұрынғы мәлімдемеге сүйеніп отыр. Ал бейнежазбада көрсетілген ақпарат шын мәнінде 2023 жылдың 14 шілдесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) ресми сайтында жарияланған. Бірақ онда Coca-Cola туралы емес, оның құрамындағы жасанды тәттілендіргіш аспартамның ықтимал қауіптілігі жайлы айтылған. Coca-Cola-ның қатерлі ісікке себеп болатынын дәлелдейтін ғылыми дерек жоқ.
Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC), ДДҰ және БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жанындағы азық-түлік қоспалары жөніндегі бірлескен сараптама комитеті (JECFA) аспартамды тәулігіне дене салмағына шаққанда 40 мг/кг мөлшерде қолдану қауіпсіз екенін растаған. Яғни бұл шектен асқан жағдайда ғана денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Айта кетейік, аспартам 1980 жылдан бері әртүрлі тағам мен сусын құрамында қолданылады. Оны сағыздан бастап балмұздақ, йогурт, таңғы ас жармалары, желатин, сүт өнімдері және тіс пастасының құрамынан кездестіруге болады.


