NoFake

Қазақстанда қытайлық көлік иелерінің шоттары жаппай бұғатталып жатыр ма

Фото: pixabay.com

Кірістер комитеті ҚХР гибридті көлігін импорттаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың банк шоттарын жаппай бұғатталғанына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, ақпараттық кеңістікте Қытай Халық Республикасынан гибридті көлік құралдарын импорттаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың банктік шоттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралған. Осы ретте, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді.

«BYD маркалы гибридті көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде жалған мәліметтер ұсынуға жол берген сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне жолданды», — делінген хабарламада.

Кірістер комитеті аталған хабарламалар тек 450 азамат рәсімдеген 623 көлік құралына ғана қатысты екенін атап өтті.

«Бұл қабылданып жатқан шаралардың жаппай сипатқа ие екендігі туралы таратылып жатқан ақпаратқа сәйкес келмейді. Қолданыстағы заңнама аясында банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын шектеу шаралары тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қатысты қолданылды», — делінген хабарламада.

Комитет мәліметінше, бақылау іс-шараларын жүргізуге гибридті көлік құралдарының электр қозғалтқышының 30 минуттық қуатына қатысты жалған мәліметтерді көрсету жағдайларының жиілеуі негіз болған. Айтуларынша, ол — кедендік баж cалығын төлеуден заңсыз босатуға ықпал етеді.

«Объективті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелеріне BYD маркасының ресми өкілі ұсынған көлік құралдарының зауыттық техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер берілді. Аталған мәліметтер мәлімделген деректердің дұрыстығын тексеру үшін пайдаланылатын болады», — делінген хабарламада.

МКК азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады.

Оқу үшін