LRT іске қосылғаннан бері қанша жолаушы тасымалданды: CTS жауабы

Фото: Nofake.kz
City Transportation Systems (CTS) басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT іске қосылған сәттен бастап қанша жолаушы тасымалданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
CTS деректеріне сәйкес, LRT іске қосылған сәттен бастап жолаушылар ағыны 180 мың адамға жеткен. Тек кешегі күннің өзінде LRT қызметін 100 мың жолаушы пайдаланғаны белгілі болды. Бұл жобалық өткізу қабілетінен асып түсті, дейді компания өкілдері.
«Қазіргі таңда жолаушылар ағыны екі есе төмендеді», — деді ол.
CTS басқарма төрағасы тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
«Платформалар мен вагондардағы авариялық батырмаларды баспауға, пойыз есіктерін өз бетінше ашпауға және олардың жабылуына кедергі келтірмеуге кеңес береміз. Мұндай әрекеттер құрамдардың тоқтауына алып келеді», — деді ол.
Сондай-ақ, ол азаматтарға LRT жүйесі толық автоматтандырылған және жүргізушісіз жұмыс істейтінін еске салды.
«Сондықтан мұндай әрекеттер жүйе тарапынан жолаушылар қауіпсіздігіне төнген қауіп ретінде автоматты түрде қабылданады», — деді басқарма басшысы.
Асылбек Дүйсебаевтың сөзінше бүгінгі күні ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген және қозғалыс штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр.


